Электрондық еңбек биржасында 118,2 мың вакансия орналастырылды

2025 жылы ЭЕБ-да ұсыныс сұраныстан 100 мыңнан астамға артық болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Былтыр Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталында 1 млн 328 мың бос жұмыс орны жарияланып, 1 млн 453,8 мың түйіндеме орналастырылды. Осылайша, жұмыс іздеушілер тарапынан ұсыныс жарияланған сұраныстан 125,8 мыңға асып түсті.
Барлық вакансиялардың жартысы (665,5 мың) жұмысшы мамандықтарына тиесілі болды, ал барлық түйіндемелердің 48%-ы (697,2 мың) осы мамандықтар бойынша орналастырылған.
Айлық динамика жұмыс іздеушілер тарапынан да, жұмыс берушілер тарапынан да айқын маусымдық ерекшелікті көрсетеді.
Атап айтқанда, ақпандағы қалыпты деңгейден (130 мың) кейін жұмыс іздеушілердің белсенділігі наурызда ең төменгі шекке дейін (94,6 мың) төмендеп, одан әрі сәуір–маусым айларында (115 мың – 109,8 мың) қайта өсті және шілдеде түйіндемелер саны ең жоғарғы шектік көрсеткішке жетіп, 148 мың түйіндеме тіркелді. Жылдың екінші жартысында жұмыс іздеушілер саны біртіндеп азайып, қарашада 101,3 мыңға, желтоқсанда 71,5 мыңға дейін төмендеді.
Вакансияларды орналастыру динамикасы бойынша бірінші жартыжылдықта салыстырмалы түрде қалыпты көрсеткіштер байқалса, екінші жартыжылдықта өсім тіркелді. Жұмыс берушілер сұранысының шарықтау шегі тамызда (141,7 мың), қыркүйекте (138,4 мың) және қазанда (132,3 мың) байқалды.
Салалық құрылым сұраныстың әлеуметтік бағдарланған экономика секторларында жоғары деңгейде шоғырланғанын көрсетеді. Ең ірі сала – білім беру: 380,6 мың вакансия, яғни жарияланған барлық вакансиялардың шамамен үштен бірі (28,7%). Одан кейін «өзге де қызмет түрлері» (175,4 мың, 13,2%) және денсаулық сақтау саласы (117,4 мың, 8,8%) келеді. Алғашқы ондыққа сондай-ақ ауыл шаруашылығы (88,1 мың), өңдеу өнеркәсібі (84 мың), мемлекеттік басқару (81,2 мың), құрылыс (64,8 мың), ақпарат және байланыс (60,5 мың), сауда (52,2 мың) және көлік (43,4 мың) салалары кіреді. Бұл ретте үш ірі сала барлық вакансиялардың шамамен жартысын қалыптастырды.
Өңірлік бөліністе вакансияларды ең белсенді орналастырған жұмыс берушілер Астана қаласынан (118,2 мың), Түркістан облысынан (96,7 мың) және Алматы қаласынан (92 мың) болды. Алайда сұраныс пен ұсыныстың өңірлік көрінісі біркелкі емес, бұл көп жағдайда демографиялық және көші-қон факторларымен байланысты.
Осылайша, солтүстік және шығыс өңірлерде орналастырылған бос жұмыс орындарының санына шаққанда түйіндемелер тапшылығы қалыптасты: Павлодар облысында (83 мың бос жұмыс орнына 50 мың түйіндеме), Солтүстік Қазақстан облысында (47,3 мың бос жұмыс орнына 26,5 мың түйіндеме), Шығыс Қазақстан облысында (76,7 мың бос жұмыс орнына 42,1 мың түйіндеме) және Ұлытау облысында (19,5 мың бос жұмыс орнына 14,1 мың түйіндеме).
Елдің оңтүстігінде, керісінше, түйіндемелер санының бос жұмыс орындарынан айтарлықтай артық болуы байқалды: Қызылорда облысында (35,7 мың бос жұмыс орнына 92 мың түйіндеме), Түркістан облысында (96,7 мың бос жұмыс орнына 184,4 мың түйіндеме), Шымкент қ. (43,1 мың бос жұмыс орны және 102,6 мың түйіндеме), сондай-ақ Маңғыстау облысында (31,1 мың бос жұмыс орны, 75,6 мың түйіндеме). Мұндай көрініс халықтың табиғи өсімі жоғары әрі жұмыс күші жасының құрылымы «жас» болып келетін өңірлерге тән.
2025 жылы бос жұмыс орындарының жалпы санының 75%-ы (999 мың) білікті еңбекке тиесілі болды. Жыл бойы ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар қатарында медбикелер мен мейіргерлер (21,7 мың бос орын, ұсынылатын жалақысы 143–178 мың теңге), тәрбиешілер (21,2 мың, жалақысы 139–182 мың теңге), автокөлік жүргізушілері (20 мың бос орын, жалақысы 151–195 мың теңге) және санитарлар (19,6 мың бос орын, жалақысы 110–133 мың теңге) болды. Үміткерлер тарапынан ең көп түйіндеме бухгалтер лауазымына (25,1 мың түйіндеме, күтілетін орташа жалақысы 308 мың теңге), автокөлік жүргізушісі мамандығына (23,6 мың түйіндеме – 250 мың теңге), тәрбиеші қызметіне (22,1 мың түйіндеме – 199 мың теңге), сондай-ақ заңгер лауазымына (19,1 мың түйіндеме, орташа күтілетін жалақысы 294 мың теңге) орналастырылды.
Ал 2025 жылы жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны флоттағы штурман лауазымына үміткерлерге ұсынды – айына 875–900 мың теңге аралығында, тау-кен өнеркәсібінде учаске бастығының орынбасарына – 714 мың теңгеден бастап және одан жоғары, сондай-ақ бұрғылау қондырғыларының машинистеріне – 700 мың теңгеден бастап және одан жоғары мөлшерде. Үміткерлер арасында түйіндемелерде көрсетілген ең жоғары орташа жалақы пилоттарда – 1,9 млн теңге, тау-кен саласындағы қызмет басшыларының орынбасарларында – 1,2 млн теңге және кеме капитандарында – 1,1 млн теңге болды.
Түйіндемелердің әлеуметтік-демографиялық бейіні әйелдердің аздап басым екенін (55%) және үміткерлердің негізгі бөлігінің еңбекке қабілетті, жетілген жас топтарында шоғырланғанын көрсетеді. Ең ірі жас тобы – 35–44 жас аралығы (383,7 мың адам немесе 26,4%), одан кейін 45–54 жас (269,4 мың, 18,5%) және 16–24 жас (254,1 мың, 17,5%) топтары, ал келесі орында 29–34 жас тобы (239,5 мың, 16,5%) тұр. 55–64 жас аралығындағы үміткерлер 158,9 мың адамды (10,9%), ал 25–28 жастағылар 143,1 мың адамды (9,8%) құрайды. Ең жас (16 жасқа дейін) және 65 жастан асқан топтардың үлесі жалпы құрылымда ең төмен деңгейде. Дегенмен 16–24 жас аралығындағы жастар тобында әйелдердің үлесі жоғарырақ (шамамен 59,8%) болса, 55–64 жас тобында керісінше төменірек (шамамен 45,9%) болды.



