Ел тынысыҚұқық

Жалған ақпаратқа жол жоқ

Астана қаласында құқық бұзушылықтың беті қайтпай тұр. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 5-тармағы бойынша 46 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Ал, жыл басынан бері олардың саны 3 мыңнан асқан. Алайда аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Елордада жалған терроризмнің алдын алуға ерекше назар аударылуда. Азаматтарға «әзіл» ретінде қабылданатын көрінеу жалған хабарламалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны түсіндіріледі. 2025 жылы осындай 15 дерек тіркелсе, 2024 жылы – 24 дерек есепке алынған. Осыған орай «Заң және тәртіп» апталығы аясында ақпараттық жұмыс жүргізу шеңберінде Астана көлік прокуратурасы Астана станциясындағы ЖПБ-мен бірлесіп, «Нұрлы-жол», «Астана-1» теміржол вокзалдарында жолаушылар пойыздарында республикалық «Приемная на колесах» акциясын өткізді.

— Жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде мұндай қылмыстардың азаю үрдісі байқалады, алайда бұл құқық бұзушылықтар санаты өзектілігін әлі де сақтап отыр. Сонымен қатар, азаматтардың теміржол жолдарынан белгіленбеген орындар арқылы өту фактілері анықталуда, бұл өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында көлік прокуратурасы органдары көліктегі полициямен бірлесіп, елдің барлық өңірлерін қамтитын республикалық деңгейде ауқымды құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Іс-шара барысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және көлік инфрақұрылымы бұзушылықтардың құқықтық салдары түсіндіріледі, -деді Астана көлік прокурорының орынбасары Нұржан Құрманалин.

Жүргізіліп жатқан жұмыс ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Айталық, елде қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі де өзекті болып отыр. Вокзалдар, әуежайлар және автовокзалдар қоғамдық орындарға жатады және «сергек аймақтар» болып табылады.

— Статистикаға сәйкес, 2025 жылы көлікте қаруды, оның ішінде суық қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау бойынша 213 дерек тіркелген, бұл үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделген. Сондықтан осындай келеңсіздіктер болмас үшін жолаушылармен жолығып, оларға заң аясында барлық құқықтары түсіндірілді, -деді Астана көлік прокурорының орынбасары Нұржан Құрманалин.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

фото: Оңалхан Өнерхан

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button