Болашақ көлік жүргізушілер нені білуі керек?

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан автомектептері қауымдастығында білім алып жүрген болашақ жүргізушілерге арнап балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолаушылардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Кездесу барысында қатысушылар балаларды ұстап тұратын құрылғылардың түрлерімен, олардың мақсаты мен дұрыс пайдалану ережелерімен танысты. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес балаларды көлік құралдарында тасымалдау кезінде балаларға арналған ұстап тұратын құрылғыларды міндетті түрде қолдану талаптарына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар болашақ жүргізушілер алғашқы медициналық көмек көрсету негіздері бойынша оқытудан өтті. Мамандар жол-көлік оқиғалары кезінде балалардың жарақат алу деңгейін қалай төмендетуге болатынын және жүргізушінің қандай әрекеттері ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік беретінін түсіндірді.
Іс-шара аясында балаларды автокреслосыз тасымалдаудың салдарын көрнекі түрде көрсететін тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ манекендер арқылы практикалық көрсетілім ұйымдастырылып, жол-көлік оқиғасынан кейін балаларды қосымша зиян келтірмей автокөліктен дұрыс шығару тәсілдері көрсетілді.
Кездесу соңында болашақ жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, балаларды ұстап тұратын құрылғыларды пайдалануға және өздерінің әрі жолаушыларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырылды.



