Тұрақты комиссия отырысына дайындық аясында тексеру жүргізілді

Астана қалалық мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Тұрақты комиссияның отырысына дайындық аясында мәслихат депутаттары қаладағы бірқатар нысандарға барып, олардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көшпелі іс-шара барысында ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың қызмет тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы, оның ішінде иесіз инженерлік желілер мен нысандарға қатысты мәселелер қаралды.

-Қаралған негізгі нысандардың бірі — «Тельман тұрғын алабы ауданында инженерлік инфрақұрылымы бар газ қазандығын салу» жобасы. Жоба аясында табиғи газбен жұмыс істейтін, белгіленген қуаты 710 МВт болатын су жылыту қазандығын салу көзделген. Нысан Есіл ауданының құрылысын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Тельман тұрғын алабындағы экологиялық ахуалды жақсартуға және атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге бағытталған. Жоба бойынша 18 су жылыту қазандығын орнату жоспарланып отыр. Әлеуетті абоненттердің саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған, — деді мәслихат төрағасы Табиғат Зейнулқабден.
Оның айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша проблемалық мәселелер айқындалып, Тұрақты комиссия отырысының қарауына енгізілетін ұсыныстар жинақталған.



