Бірлік пен жауапкершілік

№81 Astana English school халықаралық мектебінде «Нағыз ер-азамат болу – намыс пен жауапкершілік» тақырыбындағы әкелер слеті өтті. Айтулы іс-шараға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шара ашық пікірталасқа ұласты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шарада 8-10-сыныптың оқушылары, ата-аналар, қоғам және құқық қорғау органдарының өкілдері бас қосты. Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдерге ер-азаматқа тән жауапкершілік, тәртіп, намыс, отбасы құндылықтары мен заңға адалдықты түсіндіру.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көлік полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Теміржан Рамазанов «Заңға адалдық – ер-азаматтың басты жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң мен тәртіптің азаматтық намыстағы орны және жасөспірімдердің қылмысқа бармауы үшін жеке жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
– «Нағыз ер-азамат болу – намыс пен жауапкершілік» әкелер слеті өте маңызды шаралардың бірі. Спикерлер жасөспірімдерге жауапкершілік, тәртіп, намыс, отбасы құндылықтары мен заңға адалдықты түсіндірді. Осындай іс-шаралар барлық мектепте жиі өтіп тұруы керек. Себебі бұл жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқарады, оқушылардың белсенділігін күшейтеді. Сол арқылы мектеп оқушыларының әкеге деген сенімі нығайып, отбасына деген жауапкершіліктері арта түседі, – деді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әмірхан Нақыпов.
Іс-шара соңында модератор мектеп әкелері мен оқушыларды еркін пікір алмасуға шақырды. Әке мен бала арасындағы тығыз байланыс бірлікті арттырып, жауапкершілікті сезіндіреді.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



