Елордада 3 ай бойы тегін йога жаттығулары болады
Астана қаласында алдағы үш ай бойы ашық аспан астында тегін йога жаттығулары өтеді. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тегін йога сабақтары 8 маусым мен 8 қыркүйек аралығында елорданың алты саябағында аптасына үш рет өткізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Бұл йога жаттығуларын биыл екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Өткен жылы 1000-нан астам қатысушы болды. Йогаға сұраныс жоғары. Жаттығулар барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған. Іс-шара толықтай тегін, алдын ала тіркелудің қажеті жоқ. Тек call-center нөміріне хабарласып, өтетін орынның нақты орналасқан жерін білу жеткілікті.

Тегін жаттығулар Есіл, Нұра, Алматы, Сарайшық және Байқоңыр аудандарындағы саябақтарда аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 19:00–20:00 аралығында өтеді. Қала тұрғындары өзіне ыңғайлы әрі жақын орынды таңдап, жұмыстан кейін еркін қатыса алады. Сабақтарды кәсіби йога жаттықтырушылары жүргізеді», – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Йога жаттығулары өтетін орындар:
* «Есіл» ауданы – «Жетісу» саябағы
* «Есіл» ауданы – «Самал» саябағы
* «Нұра» ауданы – Орталық қалалық саябақ
* «Алматы» ауданы – «Жерұйық» саябағы
* «Сарайшық» ауданы – Президенттік саябақ
* «Байқоңыр» ауданы – Ататүрік саябағы
Жаттығулардың нақты кестесі мен толық ақпарат Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.
Жаттығулар бойынша қосымша ақпарат алу үшін:
Call-center: +7 777 621 59 54
Айта кетейік, кәсіби йога жаттықтырушылары жүргізетін тегін сабақтар 8 қыркүйекке дейін жалғасады.



