Басты ақпаратМәдениет

Оның пірі –Қажымұқан

Спорт – адамды тек физикалық тұрғыда шыңдап қана қоймай, мінез қалыптастыратын, жауапкершілікке, төзімділікке, тәртіпке баулитын үлкен мектеп. Жүйелі түрде спортпен айналысқан адам уақытын бағалайды, өзіне талап қоя біледі және қандай қиындық болса да мойы­май алға ұмтылады. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, өмір жолында да, қызмет пен спортта да биік белестерді бағындырған тұлғалардың бірі – Мұрат Нұрғазин.

Ол – ішкі істер органдарының ардагері, күштік спорт түрлерінен әлемге танылған рекордшы, табандылық пен қайсарлықты өмірлік ұстанымына айналдырған азамат.

Мұрат Мырзағалиұлы 1977 жылғы 14 мамырда қазіргі Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыл тіршілігімен, еңбек пен тәртіпке негізделген ортада өтті. Мектепті тәмамдаған соң, 1995 жылы 6636 әскери бөліміне шақырылып, ҚР Ұлттық ұланы қатарында мерзімді әскери қызметін өтейді. Кейін осы бөлімде келісімшарт негізінде қызметін жалғастырды.

2001 жылдан бастап Ішкі істер органдарында еңбек етіп келе жатқан ол, жеке құрамды арнайы-әскери және физикалық даярлау бағытында әртүрлі лауазымдарды атқарады. Ұзақ жылғы адал қызметінің нәтижесінде 2016 жылы әділет майоры шенімен зейнетке шықты. Бүгінде ол – ішкі істер органдарының ардагері.

Шын мәнінде, қызметпен спортты қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келмейді. Алайда Мұрат Нұрғазин бұл екі саланы да бірдей игере білді. Ол – армлифтинг спортынан әлем чемпионы атанған және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ. Күштік спорт түрлерінен (армлифтинг, пауэрспорт) әлемнің 10 дүркін, Азияның 18 дүркін, Еуропаның 6 дүркін чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Азия мен Еуропаның 6 дүркін рекордшысы, әлем рекордының 6 дүркін иегері. Сонымен қатар, грек-рим күресінен спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан сертификатталған жаттықтырушы, марафоншы. IPAF, НАП, WPSO федерациялары бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарына ие, күштік спорттағы «Алтын белбеу» иегері.

«Спорт – мен үшін өмір салты»

«Мен спортқа атақ үшін келген жоқпын. Спорт мені тәртіпке үйретті, өз-өзімді жеңуге көмектесті. Күш деген тек ауыр салмақ көтеру емес. Күш – таңертең ерте тұрып, жаттығуға бару. Күш – шаршасаң да, тоқтамау. Күш – өз сөзіңде тұра білу» дейді ол.

Оның айтуынша, күштік спорт адамды сабырлы етеді, артық эмоция­дан арылтып, шешімді салқынқандылықпен қабылдауға үйретеді. Бұл қасиеттер қызмет барысында да үлкен рөл атқарған.

Тарихи рекорд және Қажымұқан рухы

Жуырда Мұрат Нұрғазин тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол денесіне 100 келі бетон блок қойып, оны сындыру арқылы жаңа әлемдік рекорд орнатты. Сынақ аса қауіпті әрі бірегей форматта өтті. Басты шарт – белін жерге тигізбей шалқалай жатып, кеудесіне қойдырған бетон бір ғана соққымен сынуы керек болды. Арнайы дайындалған 10 келі салмақты сомбалғамен ұрған сәтте шынымен де әлгі зіл бетон қақ ортасынан айырылды. Бұл тарихи сәтті «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасынан, сондай-ақ «Хабар» телеарнасы журналистерінің арнайы репортажынан біз де көрдік. Бұл – кезінде ХХ ғасырдың басында қазақтың әйгілі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы орындаған аса қауіпті әрі сирек трюк. Аталмыш күштік нөмір ресми түрде Бүкіләлемдік рекордтар кітабына тіркелді.

Спортшы бұл жетістігін өзінің бала күнгі арманы болғанын айтады.

«Мен бала күнімнен Қажы­мұқан атамызға еліктеп өстім. Ол кісі туралы хабарларды көріп, кітаптарды оқитынмын. Сол кезде менде «Бір күні мен де атамыз сияқты қазақтың күш атасы атансам» деген ойда болдым. Бұл рекорд – сол арманның нәтижесі. Ұзақ жыл дайындалдым, өзіммен өзім күрестім. Бұл – бір күннің жеңісі емес, жылдар бойы еңбегімнің жемісі» деді рекордсмен.

Жастарға айтар жан сыры

Мұрат Нұрғазин бүгінгі жастардың спортқа жақын болғанын қалайды. Оның ойынша, әр жас кәсіби спортшы болуға міндетті емес, бірақ дене тәрбиесін өмірінің бір бөлігіне айналдыруы қажет.

«Жастарға айтарым – спортты медаль үшін емес, өздерің үшін жасаңыздар. Денсаулық – сатып алатын дүние емес. Спорт адамды жаман әдеттен алыс­татады, мақсат қоя білуге үйретеді. Менің барлық жетістігім – күнделікті еңбектің нәтижесі» дейді ол.

Оның өмір жолы – тәртіп, табандылық пен отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Қызметтегі адалдық пен спорттағы биік жетістіктерді қатар алып жүрген Мұрат Нұрғазин – бүгінгі жас ұрпақ үшін нағыз үлгі.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button