Маңызды мәселелер айтылды

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатын бастан-аяқ оқып шықтым. Менің ойымша, бұл ретте жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа жаңғыру кезеңіне қадам басқанын нақты атап өтті. «Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін» деді Президент.
«Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарда ұстайтынын айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор екенін, себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейтінін ескертті. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндесетіні де көңілге қуаныш ұялатты. «Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс» деді Президент.
Жаңа кезең жаңаша жолды талап етеді. Сондықтан, ұлт болып ұйысып, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді. Елдің әрбір азаматы мемлекеттің дамуына, отбасылық құндылықтарды нығайтуға үлес қосуға міндетті деп есептеймін.
Майра ӘЛІМХАНҚЫЗЫ,
Астана қаласы Сарайшық ауданы «Қайсар»
бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы



