Қоғам

Әскери ұшқыштар оқу-жаттығу ұшуларын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына арнады

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери авиациялық базаларында қазақ халқының ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауқымды оқу-жаттығу ұшулары өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты ерекшелігі – Әуе қорғанысы күштерінің әуе кемелерінің Астана, Тараз, Балқаш, Жетіген, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған және Ақтау қалаларындағы әскери әуеайлақтардан бір мезгілде көкке көтерілуі болды. Ұшуларға С-295, Су-30СМ, Су-27, Л-39С ұшақтары, Ми-17, Ми-35, Ми-171 тікұшақтары, сондай-ақ ANKA ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды.
Жеке құрам даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Батырдың 115 жылдығына орай ұшуларды басқару пунктінде Волоколамск түбіндегі шайқасқа қатысқан жауынгердің өмір жолы мен ерлік істеріне арналған естелік бұрыш безендірілді.
Ұшуға дейінгі нұсқаулық барысында экипаж мүшелеріне ақыл-кеңес берген командирлер бұл іс-шараның ұрпақтар сабақтастығын нығайту және Отан қорғаушылардың даңқты жауынгерлік дәстүрлерін жалғастыру тұрғысынан маңызын атап өтті.
– Бұл ұшуларға қатысу – әрбір әскери ұшқыш үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Оқу-жаттығу сабақтарын Бауыржан Момышұлының есімімен байланыстыра отырып, біз оның Отан алдындағы еңбегіне терең құрметімізді білдірдік. Оның өмірлік қағидалары мен адамгершілік өсиеттері әскери қызметшілер үшін рухани бағдар мен моральдық тірек болып табылады, – деді Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары полковник Медет Әскетаев.
Оқу-жаттығу ұшулары штаттық режимде өтіп, қойылған барлық міндеттер толық көлемде орындалды. Іс-шара Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің жоғары жауынгерлік дайындығын және ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрамның кәсібилігін айқын көрсетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button