Елордалық студенттерге алаяқтардан қалай қорғану керектігі түсіндірілді

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Astana IT University базасында студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, кибералаяқтық пен дропперлік әрекеттердің алдын алуға бағытталған білім беру іс-шаралары өткізіліп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
22-26 желтоқсан аралығында елордалық университетте «Safe and Healthy Week» акциясы өтіп жатыр. Оның мақсаты – нашақорлық, алаяқтық, буллинг сынды қоғамға жат құбылыстардың алдын алу.
Студенттермен кездесулерге беделді мамандар, құқық қорғау органдарының өкілдері және медиа тұлғалар спикер ретінде шақырылып отыр.
«Бүгінгі тақырып – кибералаяқтық. Әсіресе дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бұл – адам өз әрекеттерінің салдарын толық түсінбей тұрып, банк шоттарын немесе төлем карталарын қылмыскерлерге беру арқылы алаяқтық схемаға тартылып кетуі мүмкін жағдай.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастарға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіріп, алаяқтардан, соның ішінде интернет кеңістігінде қалай қорғану керектігін үйретіп жатыр», – деді Astana IT University Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің менеджері Диана Үмбетова.



