Зияткерлік ойынында жарысты

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астанадағы колледждер студенттері арасында құқықтық сауаттылық бойынша «Не? Қайда? Қашан» зияткерлік-танымдық ойыны ұйымдастырылды. Іс-шараны Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен «QORGAU» заңгерлер және медиаторлар зияткерлік клубы өткізді.
7 кезеңнен тұрған ойында негізгі тапсырмалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң бұзушылықтар, қылмыстар мен жаза түрлеріне қатысты болды. Қаладағы 7 колледждің студенттері 5 адамнан команда құрап қатысқан жарыста жастардың білімі ғана емес, түрлі ситуациялық жағдайлардан шыға білудегі тапқырлығы, ой ұшқырлығы, сонымен қатар сөз саптауындағы өзіне деген сенімділігі де сынға түсті.
Қатысушылар «Өзін-өзі таныстыру» бөлімінде алдын ала жасап әкелген слайдтар арқылы өздерін таныстырса, екінші кезең «Разминка» бөлімінде сайлауға қатысты анағұрлым көбірек сөз жазып жарысты, атап айтқанда, бюллетень, дауыс беру, үгіт-насихат және тағы басқа сөздерді жазды.
– Қазір қоғамда қандай мамандық иесі болса да, жас па, кәрі ме бәрібір, кез келген азамат құқықтық сауатты болуы керек. Бұл – заман талабы. Оның үстіне бұл жастар – ертең бір-бір мекемеде қызмет ететін болашақ мамандар, сол кезде де олар адал, әділ, талапшылдық қасиеттерімен танылып, сапалы жұмыс атқаруы керек. Осылайша Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Соның іргетасын осындай түрлі танымдық іс-шаралар арқылы қалаймыз. Біздің клуб 2020 жылы заңгерлер мен медиаторлар үшін ашылған, дегенмен 5 жылдық жұмыс тәжірибеміз құқықтық білімді жалпы халық арасында күшейту керектігін көрсетті. Соған орай біз 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы осы зияткерлік ойынын ұйымдастырып келеміз. Ойын сұрақтары аталған тақырып бойынша заң баптары мен әлемдік тәжірибе төңірегінде болады, – дейді «QORGAU» заңгерлер мен медиаторлар зияткерлік клубының басшысы Ботагөз Игенбаева.
Жарысқа заң саласының ғана емес, медицина, педагогика және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатқан жастар қатысты. Ойын жеңімпаздары арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Райхан Рахметова



