Басты ақпаратШартарап

Украина дағдарысы мен Венесуэла түйткілі

2025 жылдың соңына қарай әлемдік саясат бірнеше күрделі дағдарыспен бетпе-бет келді. Украина мен Ресей арасындағы соғыс әлі де тоқтаған жоқ: Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келіссөздер жүріп жатса да, шешілмеген түйткілдер әлі де баршылық. Сонымен бірге, Латын Америкасында Венесуэладағы дағдарыс аймақтық шиеленістерді күшейтті. АҚШ әскерін Венесуэлаға кіргізу мүмкіндігі де күшейіп тұр.

Таласты түйін шешіле ме?

Қараша айында АҚШ Украина-Ресей соғысын тоқтатуға белсене кірісті. 28 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын дайындап соғысты тоқтату үшін екі тарапты да «жол беруге» шақырды. Алайда Вашингтонның жоспары жария болған бетте-ақ, әлем жұртының сынына ілікті. «Бұл келісім емес, Ресейдің талаптарын орындауға мәжбүрлейтін шарттар жиынтығы» деп бағаланды. Осыдан кейін АҚШ пен Украина делегациялары әрі-бері сабылып, Еуропалық Одақпен ақылдаса отырып жоспарға түзетулер енгізді. Кездесулердің нәтижесінде 28 тармақты бейбітшілік жоспары 22 тармаққа дейін қысқарды. Тараптар бірқатар түйткілді түйіндер бойынша мәмілеге де келді. Дегенмен қазірге дейін басы ашылмаған екі үлкен мәселе қалған. Оның бірі – жер мәселесі, екіншісі – қауіпсіздік кепілдігі.

1 желтоқсанда Парижде Франция президенті Эммануэль Макрон Украина басшысы Зеленскиймен жүздесіп, Еуропадағы одақтастармен бірге АҚШ ұсынып отырған соғысты тоқтату бастамаларын талқылады. Макронмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский Киев үшін басты басымдық – мемлекеттің егемендігін сақтау және берік қауіпсіздік кепілдіктеріне қол жеткізу екенін тағы қайталап айтты. Оның айтуынша, ең күрделі түйін – жер мәселесі. Франция президенті Макрон Париждегі баспасөз мәслихатында Ресеймен бейбіт келіссөздер барысында Украина өз территориясына қатысты кез келген шешімді тек өзі қабылдауға тиіс екенін ерекше атап айтты.

АҚШ өзі жасаған бейбітшілік жоспарын орындату үшін Украинаға қысым да жасап көрді. Бірақ оған Украина да көне қоймайтын секілді. Мәселен, Женевадағы келіссөзден кейін Украина президенті кеңсесінің сол кездегі басшысы Ермак «Украина бейбітшілікке жерін айырбастамайды. Зеленский президент болып тұрғанда Украинаның жерін бөлетін ешқандай келісімге қол қоймайды, оған біздің елдің заңы да жол бермейді» деп мәлімдеген болатын. Ал Ресей болса, «Украина Донбасстан әскерін әкетуі керек» деген талаптан танбай отыр. Осы мәселеге байланысты NBC News «Украина әскері тіпті Зеленский бұйрық берсе де, Донбасстан кетпеуі мүмкін» деген мазмұнда ақпарат таратып, мынадай деректі алға тартты: Украинаның әскери қолбасшылары өз міндеттері ретінде президенттің бұйрығын орындау ғана емес, елдің тәуелсіздігі мен дербестігін қорғау екенін де айтуда. Екінші жағынан, бұл әскери тұрғыдан тиімсіз. Себебі Донбасста көптеген әскери позиция бар. Онда айлап, жылдап бекініп, соғысуға болады. Ал Донбасстан кейінгі аймақтарда ондай қорғаныс шептері аз. Сол үшін Украина әскерінің қорғаныс позицияларынан өз еркімен шегінуі қателік болмақ.

Келісімге келе ме?

Сейсенбі күні Трамптың арнайы өкілі Уиткофф пен күйеу баласы Кушнер Мәскеуге арнайы ұшып барып, сол күні кеште Путинмен кездесті. Мақсат – Ресей басшысымен АҚШ әзірлеген «бейбітшілік келісімінің» жай-жапсарын таразылау болатын. Бірақ тараптар 6 сағат сөйлессе де келісімге келе алмаған. Путин қазіргі майдан шебі бойынша соғысты тоқтатуға келіспеген.

Сарапшылар да бұған дейін Ресейдің келісімге келе қоюы екіталай деп болжаған еді. Өйткені Путин бұған дейін ешқандай ымыраға келмейтінін бірнеше мәрте ашық айтты. Өткен аптада Ресей басып алған аймақтардан Украина толықтай қол үзбесе, соғыс тоқтамайтынын мәлімдеп, Зеленскиймен келіссөз жүргізуді мәнсіз әрі оның легитимділігін мойындамайтынын да қадап айтты. Сондай-ақ ол соңғы күндері майдан шебінде Ресей әскері ілгерілеп бара жатқанын алға тартып, Мәскеудің бастапқы талаптары өзгермегенін тағы еске салды. Киев ол шарттарға көне алмаса, соғыс әрі қарай жалғасатынын да аңғартты.

Путин қол қойған жаңа бюджет жоспары да Ресейдің қандай бағытқа бет алғанын айқын көрсетіп тұрғандай. 2026 жылы федералдық шығынның 38 пайызы – әскер мен күштік құрылымдарға бөлінді. Бұл – КСРО дәуірінен бері болмаған рекорд. Яғни 12,93 триллион рубль – әскери мақсаттарға, 3,91 триллион – қауіпсіздік органдарына жұмсалмақ. Ал әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы соғысқа дейінгі 38 пайыздан 25 пайыз­ға дейін құлдырап кеткен. Экономиканы қолдауға арналған шығындар да 17 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарып, соңғы жиырма жылдағы ең төменгі деңгейге түсті.

АҚШ өкілдері Путинмен кездесіп жатқан сәтте Трамп «Мен Украинадағы соғыс аяқталады деп үміттенем. АҚШ енді Украинадағы соғысты қаржыландырмайды» деп мәлімдеп, көкейін тескен Нобель сыйлығы туралы тағы айтты.

Есірткі – желеу, көздегені – мұнай

Соңғы айларда АҚШ «есірткі тасымалына соққы беру» деген сылтау­мен әскерін Кариб теңізі мен Венесуэла жағалауына топтап, Мадуроны биліктен кетіруге қайта бел шеше кірісті. «Қайта» деп қадағалап айтып отырғанымыздың себебі Трамп өткен кезекті президенттік кезеңде де Венесуэлада оппозициялық партия басшысы Гуайдоны қолдап, Мадуроны биліктен кетіруге тырысқанымен, ол жоспары жүзеге аспады. Ал бұл жолы Мадуроны қалайда биліктен кетіру үшін Мадуро мен жоғары лауазымды венесуэлалық шенеуніктер басқаратын қылмыстық ұйым Cartel de los Soles-ты шетелдік террористік ұйымдар (FTO) тізіміне енгізді. Сондай-ақ Мадуродан биліктен кетуді талап етіп, шекті күнін де белгіледі, егер оған көнбесе 1989 жылы Панамаға қолданған тәсілді қолданатынын ашық аңғартты.

Бастапқыда Мадуро да дипломатиялық арналар арқылы АҚШ-пен тіл табысуға тырысып көрді. Алайда Трамп оның 2-3 жыл ішінде өз еркімен биліктен кетемін деген ұсынысын қабылдамады. Керісінше Кариб теңізі мен Венесуэла жағалауына 15 мың әскерін, 40 шақты кемесін топтап, қазірге дейін 80-нен астам қайыққа соққы жасады. Сонымен қатар, Венесуэла аспанын жапты. Кеше ол Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне соққы жасауды үдететінін айтты. Бұған дейін соққы тек есірткі тасыды деген қайықтарға жасалса, енді құрлықта да соққы жасалмақ. «Біз құрлықта да соққы жасауды бастаймыз. Оны іске асыру әлдеқайда оңай. Біз олардың жүретін бағыттарын, қайда тұратынын, қайда жасырынғанының бәрін білеміз» деді ол. Алдыңғы күні Washington Post «Мадуро Түркиядан саяси баспана сұрауы мүмкін. Анкара Мадуроға қауіпсіздік кепілдігін беріп, АҚШ-қа экстрадициялаудан қорғап, келісім жасасуы ықтимал. Осылайша Мадуро басқа елден саяси баспана табады, ал АҚШ оның тақтан бейбіт жолмен кетуіне қол жеткізеді» деген тұспалын жариялады. Дегенмен осыған дейін Мадуро елде 4,5 миллион ерікті қорғаушыны мобилизациялағанын және кез келген шабуылға дайын екенін жариялаған-тұғын.

Ал шын мәнінде АҚШ есірткі тасымалын ауыздықтау емес, Венесуэ­ланың байлығына көз тігіп отыр. Себебі Венесуэланың расталған мұнай қоры (proven oil reserves) шамамен 303 миллиард баррельге тең деп бағаланған. Бұл көрсеткіш бойынша Венесуэла Сауд Арабиясы, Иран, Кувейт, Ресейден де алда тұр. Яғни мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орындағы ел. Бірақ өндіріс көлемі жағынан ол тек әлемнің алғашқы 25 елінің қатарына әрең кіреді, күніне небәрі 700-800 мың баррель мұнай ғана өндіреді (салыстыру үшін: Сауд Арабиясы – 9-10 млн баррель/тәулік). Өйткені бұл елде инфрақұрылым мен мұнай өңдеу зауыттары ескірген, АҚШ пен Батыстың санкциялары экспортты шектеп, елдің саяси тұрақсыздығы мен жемқорлық өндіріс көлемін күрт азайтқан.

Оның үстіне Қытай мен Ресей Венесуэланы соңғы онжылдықта өздерінің геосаяси серіктесіне айналдырып, ондаған миллиард доллар несие беріп, энергетика саласына тікелей инвестиция құйды. Пекин де, Мәскеу де бұл елдің мұнайына ұзақ мерзімдік қол жеткізуге мүдделі және бұл елді Латын Америкасындағы АҚШ-қа одақтасы ретінде пайдаланғысы келеді. Сондықтан Вашингтон үшін Венесуэла – тек Латын Америкасының бір елі емес, Қытай мен Ресей ықпалы күшейген стратегиялық аймақ.

Геосаяси картаны қайта сызбақ

Осы себепті АҚШ «есірткіге қарсы операция» деген желеумен Кариб теңізіне әскерін топтап, Венесуэла жағалауларын бақылауға алып, Мадуро билігін әлсіретуге барынша күш салуда. Шынайы мақсат – өз ықпалын арттырып, әлемнің ең ірі мұнай қорына ие елдің тағдырын бақылауда ұстау. Егер АҚШ Венесуэланы өз ықпалындағы елге айналдырар болса, Латын Америкасындағы геосаяси тепе-теңдік түбегейлі өзгерер еді. Біріншіден, Вашингтон әлемдегі ең ірі мұнай қорына тікелей қол жеткізіп, энергетика нарығында өз позициясын бұрынғыдан да күшейтеді. Бұл АҚШ-тың мұнай бағасын бақылау мүмкіндігін арттырып, Сауд Арабиясы, Ресей, Иран сияқты негізгі өндірушілерге қысым жасауына жол ашады. Екіншіден, Қытай мен Ресей үшін Венесуэланың АҚШ ықпалына өтуі – үлкен геосаяси ұтылыс болмақ. Олар ондаған жылдар бойы инвестиция құйып, Мадуро режимін қолдап келді. Егер билік ауысып, АҚШ-қа іш тартатын үкімет келсе, Пекин мен Мәскеудің Венесуэ­ладағы экономикалық жобалары мен келісімшарттары қайта қаралуы мүмкін. Бұл екі елдің Латын Америкасындағы стратегиялық позициясына соққы болмақ. Үшіншіден, Вашингтон аймақтағы дәстүрлі «артқы аула» доктринасын қайта күшейтеді. Венесуэланың өз ықпалына өтуі АҚШ-қа Куба, Никарагуа, Боливия сияқты «солшыл доға» елдерін әлсіретуге, тіпті оларды оқшаулауға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, Венесуэланың АҚШ ықпалына өтуі – тек бір елдің саяси бағытының өзгеруі емес, бүкіл Латын Америкасының геосаяси картасын қайта сызу деген сөз.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button