Темірқазық

Белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдиновпен таныстығымыз ширек ғасырдан астам бұрын Омбы жерінде басталған еді.
Ұлт мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, өнері мен өркениетіне, тарихы мен этнографиясына арналған бүкілодақтық ғылыми конференция Омбы мемлекеттік университетінде 1989 жылы өткен болатын. Сол ғылыми жиынға қатысқан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның ғылым қуған жастарының арасында біз де болған едік.
Қазақстандық делегацияны өзі жап-жас, шашы бұйраланған, ашаң түсті, жүзіне күлкі үйірілген, туған ағасын сағынып күткен кісідей, бойынан жылылық пен жақындық лебі ескен жігіт қарсы алып, конференция материалдары салынған қалтаны қолымызға ұстатқаны дәл қазіргідей көз алдымда. Ол сол кездегі Омбы университеті тарих факультетінің 3-курс студенті Зиябек Ермұханұлы болатын.
«Іздегенге – сұраған» дегендей, маған да керегі Омбы жерінде туып өскен қазақтар еді. Өйткені менің диссертациялық жұмысымның тақырыбы «Батыс Сібір қазақтарының тіл ерекшеліктері» деп аталатын. Ол кезде айтылған аймақтағы Омбы өңірінде сексен мыңнан астам қазақ тұратын.
Зиябек бізді бауырмалдығымен өзіне магниттей тартып алды. Қазақстаннан келген әрбір қонақты хан көтеріп алатын қасиеті «мен мұндалап» тұратынын бірден байқадық. Қысқасы, «адам сөйлескенше, ат кісінескенше» дегендей, жеңіл тіл табысып, ерте кезден таныстай күйге ендік.
Зиябек Ермұханұлымен алғаш рет танысып тұрып-ақ, ұлт тіліне деген құрметін Қазақстаннан келген қонақтармен орыс жерінде туып-өскеніне, орыс тілінде білім алғанына қарамастан, бірде-бір орыс сөзін қоспай, таза қазақ тілінде сөйлеуге тырысқанына қарап ұлттық намысты бойына жиғанын аңғардық.
Жақын танысу барысында ұлт тарихына, мәдениеті мен өнеріне деген құштарлық жас Зиябекті Омбы университетінің тарих факультетіне алып келгенінен хабардар болдық.
«Бір адамның болашағы бір адамға байланысты» дегендей, ғалым болсам ғой деп арман қуған Зиябек Ермұханұлына университетте көрнекті тарихшы-ғалым, профессор Томилов Николай Аркадьевичпен жақын танысу бақыты бұйырады. Ол – Батыс Сібір жазығының түркі халықтарының этникалық тарихы мәселелелері бойынша жалпы этнология, орыс этнологиясы (этнографиясы) және мұражайтану тарихнамасы, Солтүстік және Орталық Азия халықтарының этнографиясы, этноархеология, этникалық экология, антропология, орыс тарихы, мәдениеттану, мұражайтану, өлкетану, дінтану бойынша еңбектер жариялаған белгілі ғалым.
Ұстазының әкелік қамқорлығына бөленген Зиябек Ермұханұлы студент кезінен ғылыммен шұғылдануға бет бұрады.
Студент-шәкіртіне қамқорлық танытып, қаржыдан қиналып, ата-анасына салмақ түсірмесін деп, университеттің тарих және этнология музейіне жұмысқа орналастырып, жалақы алып отыруға жағдай жасағаны ұстазының нағыз жанашырлығын танытса керек. Сол кезде профессор Николай Томилов бүгінгі музей қызметкері-студенттің ертеңгі күні Қазақстанның іргелі ғылыми-зерттеу ұйымы – Тарих және этнология институтының бас директоры болып, ұстазынан алған ұшан-теңіз білімі мен білігін еліміздің тарих ғылымының дамуына арнайтынын, 7 томдық қазақ тарихын жазуды үйлестіретінін білді ме екен?!
Академик Зиябек Қабылдиновтың ұлт тарихы мен ұлттық тілге деген жанашырлығын алғашқы танысқаннан-ақ аңғарған едім. Кеңес Одағы өктемдігін жүргізіп, «қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған» кездің өзінде Омбы қазақ жастарының басын қосып, қазақ елінің тарихын терең білуге, қазақ тілінде сөйлеуге үндеп, намысын жанып, ұлтжандылыққа баулып, Сібір зауытының жертөлесінен орын алып, үгіт-насихат жүргізетінін көргенімде Зиябектің жүрегі «қазағым» деп қана соғатындай әсер еткенін несіне жасырайын… Сол зауыттың акт залын жалға алып, қазақ мәдениеті мен өнеріне арналған диспуттар, ойын-сауық кештерін өткізуді дәстүрге айналдырғаны көңіл қуантқан еді.
Ол уақытта салт-дәстүрді, ана тілді сақтап, этностық толеранттылықты қалыптастыру мақсатында Омбы қаласында 1989 жылы құрылған «Мөлдір» қазақ клубы жұмысымен де танысудың сәті түскен еді. Талдырмаш, жап-жас қыздың осы клуб жұмысына басшылық ететінін білдік. Есім-сойы Алтынай Жүнісова екен. Түрлі мәдени іс-шаралар осы клуб арқылы ұйымдастырылатынын біліп алдық. Сонымен бірге Омбы қаласындағы қазақ студенттерінің жерлестігі клубының жетекшісі Зиябек Ермұханұлымен бірлесіп, ұлттық мәдениетті дамыту, сондай-ақ облыстағы қазақтардың рухани дүмпуіне әсер етер ұлттың салт-дәстүрін насихаттау, ел арасында тарих пен этнографияға және мәдениетке байланысты ағартушылық жұмыстары да жүргізілетініне қанықтық.
Біз көрген сол клуб қазіргі таңда «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы мәртебесін алып, жұмысының негізгі бағыттары фольклорлық-этнографиялық, мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеу, спорттық-сауықтыру және шет елдердегі қазақ мәдени ұйымдарымен жұмыс істеу мәселелері болып табылатынын, 2024 жылы елордамыз – Астанада қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының басқосуында Алтынаймен болған кездесуімізде естіп-біліп, ақпараттармен алмасып, қуанып қалған едік.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сақтап, ұлттық тіл мен әдебиетін, тарихы мен өнерін ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналу қажеттігін студент кезінен жете түсініп, сол жолдан таймауды алдына мақсат етіп, ол ойын еліміздің ұлттық құндылықтарына тамырын терең жіберген тарих тамыршыларын дайындаумен ұштастырып, еліміздің ғылымын одан әрі дамытуға мол үлес қосып, ұлттық мүдде ұйытқысы болып жүрген академик інімізге асқаралы алпысында да ойға алған әрбір ісіне сәттілік серік болсын дегіміз келеді.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик



