Жастарға бос жұмыс орындары таныстырылды

Астанада «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы», Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО», «Еңбек мобильділігі орталығы» және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті (ЕҰУ) бірлесіп университет ғимаратының аумағында, жұмыс іздеп жүрген түлғалар, елордалық ЖОО түлектері және елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жәрмеңке барысында жүзге жуық жұмыс берушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қойды.
– Мен туризм мамандығында екінші курс студентімін. Биыл Түркияда университет арқылы барып, маусымдық жұмыс істеп қайттым. Сол тәжірибе барысында жалақының да, қызметкерлерге деген қарым-қатынастың да жоғары деңгейде екенін көрдік. Бұл маған үлкен мектеп болды, туристік қызмет көрсету мәдениетін түсінуіме мүмкіндік берді. Сонымен қатар, шетелде жұмыс істей жүріп, өз елімізде де туризм саласын дамытуға үлес қосқым келетінін анық. Ең бастысы — өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтауға әрқашан дайынмын. Сол себепті қазіргі уақытта түрлі вакансияларды қарап, өзіме лайық жұмыс орнын іздеп жүрмін, – дейді ЕҰУ студенті Гүлнұр Емутбаева.
Айта кетейік, Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің де негізгі мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
фото: Сұлтан Сейіт



