Абайға құрмет және ортақ тарих: Ош қаласындағы тарихи күн

Қырғыз Республикасында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының көшесі ашылды, сондай-ақ көшенің бастау алатын жерінде арнайы алаңқайда Абайдың ескерткіші орнатылып, мұражайы есігін ашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырғыз тіліндегі «Атам жөнүндө баян» кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты іс-шараны ашқан Ош қаласының Мэрі Женишбек Токторбаев қаланы қайта жаңғырту жұмыстары аясында бауырлас қазақ елінің ұлы тұлғасы Абай Құнанбаұлын арнайы ұлықтау Қырғызстан басшылығының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып, екі халық арасындағы достық мәңгілік рәмізіне айналатындығын мәлімдеді.
Сол күні, Қазақстанның Бас консулдығының ұйымдастыруымен Ош қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырғыз тіліндегі «Атам жөнүндө баян» кітабының тұсаукесері өтті.
Ресми іс-шарада сөз алған Қырғыз Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Асқаралы Мадаминов, Ош облысының Губернаторы Эльчибек Джантаев, Ош мемлекеттік университетінің Проректоры Курсантбек Аттокуров және басқа да ұлт зиялылары мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың екі елдің ортақ тарихынан, біздің халықтарымыздың XX ғасырда басынан өткен сан қилы кезеңдерін шыншылдықпен сыр шертетін тағлымды туындысы бүгінгі ұрпақтың ой-санасына терең әсер етіп, мемлекеттік, қоғамдық үдерістердің болмысы мен ақиқатын бүкіл тұла-бойыңмен қабылдауға әсер ететін, болашаққа оң бағдар беретін айрықша туынды екендігін баяндады
Жиынға қатысқан Қырғызстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен дипломатиялық корпус мүшелері «Атам жөнүндө баян» кітабының жарыққа шығуын терең ризашылықпен, зор қанағатпен қабыл алды.



