Міржақып мұрасы мен тұлғасы

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қазақ әдебиетінің классигі, Алаш қайраткері, ағартушы, көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған іс-шараларды өткізді.
Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана ұйымдастырған «Міржақып Дулатов – халықты оятқан
ақын» атты әдеби кеште ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнематериалдар көрсетілді. Онда «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағының мазмұны ашылып, негізгі идеясы талқыланды. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамал» туралы ой қозғалып, романнан қойылым көрсетілді. Бейнематериалдар арқылы
Міржақыптың қызы Гүлнәр Дулатова мен алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай ақын өмірі жайлы тың деректер айтқан деректі фильмнен үзінді ұсынылды.
Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжінің студенттері іс-шараға белсенді қатысып, өлеңдерді оқыды. Кітап көрмесіне шолу жасалып, ақынның кітаптары таныстырылды. Ал №12 көпшілік кітапхана Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аясында «Ұлт рухының шамшырағы» атты ашық әдеби дәріс өткізді. Ұлт бірлігінің ұранына айналған «Оян, қазақ!» кітабы мен тұңғыш қазақ романының
авторы, көрнекті қаламгер Міржақып Дулатұлы туралы міржақыптанушы, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет мазмұнды дәріс оқыды. Ол Міржақып Дулатұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, бастан кешкен қиыншылықтары және «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығу тарихы жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Марат Әбсемет – Міржақып Дулатұлы туралы ғылыми диссертация қорғаған тұңғыш ғалым. Ол осы тақырыпқа қалай келгенін әңгімелеп, Міржақыптың сүйегін Карелиядан елімізге әкелу тарихына тоқталды. Міржақыптың шығармалары ерте кезден шет тілдеріне аударылып, жарық көре бастағанын, ғалым Түркияда болғанда бір ақсақал өткен ғасырдың 30-жылдары шыққан түрік тіліндегі «Бақытсыз Жамал» кітабын ұсынғанын, жапон ғалымы Уяма Томохико 1992 жылы Хоккайдо қаласында Міржақып Дулатұлы шығармашылығынан диссертация қорғағанын жеткізді. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» мекемесінің басшысы, ақын Арман Шеризат Міржақыпқа арналған жырын
оқыды. Іс-шараға бір топ студент қатысып, ойын ортаға салды, спикерге сұрақтар қойды, Алаш арысына арналған өлеңдерін оқыды. Жиын соңында ғалымға кітапхана атынан алғыс хат тапсырылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



