Тыйым салынған темекі неге азаймайды?

Электронды темекі қайдан шықты дерсің. 2004 жылы Қытайдың Хон Лик есімді фармацевті осы дүниені сатылымға шығарған екен. Содан бері нарықтан түскен емес. Вейптің жаңа түрі шықса тұтынушылардың «алақайлап» қуанып, пайдаланғанша асыққан кездерін көрдік. Біздің жастар өзгенің қаңсығын таңсық қылып алған сыңайлы.
Елімізде 2024 жылдың 20 маусымынан бастап вейп саудасына тыйым салынды. Бұл хабарды естігенде жастар қауымының ұнжырғасы түсті. Қолжетімді бағада сатылған электронды темекінің қолға қайта тиюі мүмкін еместей көрінген еді. Бірақ, бұл қорқыныш сейілгелі қашан. Қазір екінің бірінде осы электронды темекі бар. Бұлардың қатарын тағы да жастар қауымы толықтырып тұр.
Тыйым салынған болса тұтынып жүргендердің қолында электронды темекілер қайдан жүр? Көлеңкелі бизнеске құрық салу мүмкін болмай жатқан сыңайлы. Бір вейп сатып алу – ертеңгі өміріңнің бір бөлігін сатумен тең.
«Бұрын вейптер дүкендерде небәрі 3000 теңгеден бастап сатылатын. Тыйым салынған соң ондайды қайта көргенім жоқ. Дегенмен, іздеушіге табылады. Түрлі сайттар мен арналар толып жатыр. Өз басым телеграмм арнадан жасырын түрде аламын. Бағасы кем дегенде 10 000 теңгеден басталады. Түрлі дәмдер мен дем тарту санына қарай бағасы жоғарылай береді. Ақшасын төлеп, мекенжайды жазсаң болғаны, 1-2 күнде қолға түседі. Содан соң электронды темекіден кәдуілгі шылымнан шыққан иіс денеге немесе киімге сіңбейді. Қолға ұстауға қолайлы әрі тұтынып болған соң қалдық шықпайды. Ара-арасында қуаттап, қайта қолдана беруге болады» дейді аты-жөнін жасыруды сұраған студент.
Заңға қайшы әрекет етіп жүргендерге мынадай шаралар қолданылады: Сатқаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкелу және таратқаны үшін 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл, 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру; қылмыстық топ жасаған сол әрекеттер үшін айыппұл аса ірі мөлшерде немесе бірнеше рет 5000 АЕК-ке дейін айыппұл, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, бес жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Темекі өнімдерін тұтынушылар мәрт көрінеді. Қасына жақындағандарды құр алақан қалдырмай, түгел тарқатып береді. Одан соң тобыр-тобыр болып никотиннің «құрама командасын» шығара қояды. Оқу орындарының тасасында тығылып жүретіндерін қайтерсің. Соның бірінен неге тұтынатынын сұрап едік, ашуды тарқататын таптырмас дәрі деп санайды екен. Ішке тартқан түтіннің мұндай да қасиеті бар ма?! Һәкім Абай «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» дейтұғын. Қазір электронды темекімен азғындағандарды анық көре бастадық. Соңғы кездері бұлардың қатарын қыздар қауымы толықтырып жүр. Бұл – ұлттық намысқа салмақ түсіретін жай.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жылына 8 млн-ға жуық адам темекінің салдарынан көз жұмады. Яғни, әр секунд сайын бір адамның өмірін жалмап жатыр. Мамандардың айтуынша, никотин өнімдерін тұтыну адамның 14 жылдық өмірін қысқартады екен. Электронды темекінің ағзаға кері әсері бұдан асып түспесе, кем емес.
Ұлттық статистика бюросының 2024 және 2025 жылдардың салыстырмалы деректеріне жүгінейік. Былтырғы жылға қарағанда темекі өнімдерін тұтыну әлдеқайда төмендеген. Тек, 15-17 жастағы жасөспірімдердің көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. 2024 жылы бұл жас санатындағы балалардың 1,2 пайызы шылым шексе, биылғы жылы 3,6 пайызға дейін көтерілген. Яғни, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орнындағы студенттер сандық мәліметті арттырып тұр. Алаңдайтын мәселе – осы.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



