Тынық мұхиттан да тыныштық кетті

Соңғы кездері Тынық мұхиты төңірегіндегі саяси текетірестер өңірдегі ахуалдың күрделі кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Әсіресе Қытай мен Жапония арасындағы қатынастың күрт нашарлап, дипломатиялық дау-дамайдың күшеюі аймақтың тұрақтылығына үлкен қатер төндірді.
Қытай – Жапония елдерінің қатынасы бұрыннан күрделі, яғни 2 дүниежүзілік соғыс салған жара мен төрт арал үшін туған таластың күні бүгінге дейін шешілмеуіне байланысты екі елдің ара-қатынасы тым жақсара қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан 1972 жылдан 2010 жылдарға дейін екі ел арасындағы экономикалық байланыс қарқынды дамып, Жапония Қытайдың ең ірі инвесторларының біріне айналды да, экономикалық тәуелділік пен сауда-саттық байланысы екі елді де арадағы барыс-келісті үзбеуге мәжбүр етіп келді. Өйткені Жапония Қытай үшін үшінші ірі сауда серіктесі, үшінші ірі экспорттық нарық және үшінші ірі импорт көзі болса, Қытай Жапония үшін ең ірі сауда серіктесі, екінші ірі экспорттық нарық және ең ірі импорт көзі болып табылады. 2024 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 308,3 миллиард АҚШ долларын құрады: оның ішінде Қытайдан экспорт 152,0 миллиард доллар, ал импорт 156,3 миллиард долларға жетті.
Дейтұрғанмен, Тайвань мәселесі, Шығыс Қытай теңізіндегі Даоюйдау/Сенкаку аралдары дауына байланысты екі ел арасындағы саяси сенім барған сайын әлсірей бастады десек, оған соңғы күндердегі дау-дамай айғақ.
Дауға ұласқан мәлімдеме
Жапония тарихында тұңғыш рет сайланған әйел премьер-министр Санаэ Такаити жақында батыл мәлімдеме жасап, Қытай Тайваньға күш қолданылса, Жапония мұны «тіршілік қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер» деп бағалайтынын ашық айтты. Оның бұл мәлімдемесі егер алда-жалда Қытай Тайваньға басып кірсе, Токио да заң жүзінде қақтығысқа араласуға дайын екенін аңғартты. Такаити осыдан бұрын қазір күшінде тұрған үш анти-ядролық принциптерді (ядролық қаруға ие болмау, оны жасап шығармау және Жапония аумағына ешбір елдің ядролық қаруын орналастырмау) қайта талқылауды ұсынған болатын. Оның айтуынша, бүгінгі жаһандық ахуал 1945 жылдағы әлеммен мүлде салыстыруға келмейді. Қарулы қақтығыстардың жиілеп, ядролық державалардың бәсекесі күшейген тұста Жапония бұрынғыдай тек АҚШ-тың ядролық қолшатырына арқа сүйеп отыра алмайды. «Вашингтонның өзі қазір әлемнің әр нүктесінде саяси тартысқа түсіп жатқан шақта Жапонияны толық қорғауға кепілдік бермейді. Ал Жапонияның қауіпсіздігі дәл осы тежеуші күшке, яғни, ядролық қаруға тәуелді» деді ол.
Жапония соңғы 60 жыл бойы «үш анти-ядролық ұстанымын» бұлжытпай сақтап келді. Алайда Такаити осы алпыс жылдық догмадан бас тарту қажеттігін ашық көтерді. Өйткені қазір Тынық мұхитындағы күш тепе-теңдігі түбегейлі өзгерді: Қытайдың әскери қуаты бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, Солтүстік Корея зымыран сынақтарын тоқтатар емес, ал Ресей Қиыр Шығыста Бейжіңмен барған сайын жақындап келеді. Осындай жағдайда Жапонияның өз аумағына одақтастарының ядролық қаруын кіргізуге тыйым салуы – стратегиялық тұрғыдан өз елінің қауіпсіздігіне үлкен шектеу болып тұр. Сөйтіп, Токиодағы қауіпсіздік орталықтары осы тыйымды алып тастау жөніндегі бастаманы бұрынғыдан да батылырақ айта бастады.
Қытай да қырына алды
Такаитидің мәлімдемесінен кейін Қытай «қатаң наразылық білдіріп», өз азаматтарына Жапонияға бармауға үндеп, Жапонияда жүрген студенттерін сақтыққа шақырды. Дүйсенбі күні «Киодо цусин» агенттігі Қытайдың бірнеше ірі туристік компаниясы Жапония турларын сатуды уақытша тоқтатқанын хабарлады. Сол күні Жапонияның Nikkei индексі аздап төмендеп, туристік және бизнеске қатысты секторларда құлдырау айқын байқалды.
Бейжің мұнымен ғана шектелген жоқ. Бір күннен кейін Қытайдың 4 қарулы кемесі Сенкаку (Қытайша Даоюйдау) маңындағы су айдынына кіріп, өз аумақтық құқығын «күзетуге» кіріскенін жариялады. Іле-шала Қытай жағалау күзетінің қаруланған кемелері Жапония бақылайтын суға кіріп кеткені айтылды. Сонымен қатар, Қытай Жапонияға жақын орналасқан Сары теңіздің орталық бөлігінде 17-19 қараша аралығында оқ-дәрі қолданылатын жаттығулар өтетінін жариялады. Осы жағдайларға байланысты Жапония мен Қытай екі тараптың елшілерін шақыртып, өз наразылықтарын білдіріп үлгерді. Соған қарамастан, Қытай соңғы күндері жауап ретінде экономикалық, дипломатиялық, тіпті әскери қысымды да күшейтіп жатыр. Токионың дүйсенбі күні Пекинге жоғары лауазымды дипломатын жібергеніне қарағанда, қытайдың қысымы Жапонияға да оңай соқпаған секілді. Жапонияның ұлттық хабар тарату корпорациясы (NHK) таратқан соңғы ақпаратқа қарағанда, Жапония Сыртқы істер министрлігінің Азия және Мұхит мәселелері жөніндегі департаментінің басшысы Масааки Канаи Бейжіңге барып, Қытай СІМ Азия істері департаментінің басшысы Лю Цзиньсюнмен кездескен. Канаи бұл жедел сапарында Қытайға Такаитидің мәлімдемесі Жапонияның қауіпсіздік саясатында өзгеріс бар дегенді білдірмейтінін түсіндіріп, Қытайдан екі ел арасындағы келіспеушіліктердің халықтық байланыстарға зиян келтірмеуіне жағдай жасауды өтінбек көрінеді. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин сейсенбі күнгі дәстүрлі баспасөз жиынында Қытайдың Жапониядан «қате айтылған мәлімдемелерін» қайтарып алуды талап еткенін мәлімдеді. Алайда Жапония Кабинетінің бас хатшысы Минору Кихара Токионың мұндай қадамға бармайтынын аңғартты.
Тайваньның маңызы қаншалық?
Қытай демократиялық және өзін-өзі басқаратын Тайваньды «қайта біріктіруді» қажет ететін провинция ретінде қарайды және қажет болса күш қолданатынын бірнеше рет мәлімдеген. Ал Токио өзінің ұстанымы бұрынғы үкіметтердікімен бірдей екенін айтады: Жапония Тайваньды жеке мемлекет ретінде ресми танымайды және онымен ресми дипломатиялық қатынас орнатпаған. Дегенмен АҚШ сияқты бейресми деңгейде тығыз қарым-қатынасты сақтап келеді және Қытай – Тайвань дауын бейбіт жолмен шешуді қолдайды.
Шын мәнінде, Тайвань Жапония үшін тек саяси немесе идеологиялық мәселе ғана емес, стратегиялық тұрғыдан шешуші маңызға ие. Тайвань арқылы өтетін теңіз жолдары мен сауда дәліздері Жапонияның экономикасы мен энергия қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Қытайдың Тайваньға күш қолдану ықтималдығы Токиодағы әскери және қорғаныс саясатын қайта қарауға итермелейді. Сонымен қатар, АҚШ сияқты одақтастармен бірлескен қауіпсіздік стратегиясын күшейтуге және аймақтағы дипломатиялық ықпалын арттыруға себеп болады.
Экономикалық тұрғыдан да жағдай күрделі: Тайвань әлемдік чип өндірісінің ірі орталығы болып табылады. Егер Қытай күшпен басып кірсе, жаһандық электрондық тауарлар мен технологиялық өндіріс тізбегі бұзылады, бұл тек Азияны емес, бүкіл әлем нарығына әсер етуі мүмкін. Жапонияның басты қауіптеніп отырғаны да осы.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



