Адал еңбек иесі

Еліміздің еңбек нарығында адал қызмет етіп жүрген азаматтар баршылық. Еңбегі еленуге тұрарлық сондай жанның бірі – Болат Әкімов. Талай жыл сантехник және электр дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырын игеріп, кәсібінің хас шебері атанған ол бүгінде асқаралы 63 жасқа толып отыр.
Болат Мағазұлының Арқаға қоныс аударғанына он жылдай болды. Осы уақыт аралығында жауапты істің ауыртпалығына қарамастан, әр жұмысын сапалы атқаруымен ерекшеленді. Инженерлік жүйелерді реттеу, күрделі ақауларды жөндеу, нысандарға үздіксіз қызмет көрсету Болат ағаға күнделікті атқаратын іс ретінде қалыптасқан.
Кез келген істі ақылмен саралап, тиянақтылықпен орындау – оның басты қағидаты. Қолынан өткен әр жұмыс – сапаның, тәжірибенің, адалдықтың белгісі. Ерінбей еңбек етудің нәтижесінде ұжымының ортасында беделі биік, адамдық қасиетімен де құрметке бөленіп жүр.
Балалары үшін тек әке емес, еңбекқорлық пен адамгершіліктің өлшемі. Оның өмір жолы қай жұмысты меңгерсе де, жүрекпен істеген адам ғана құрметке бөленетініне дәлел.
«Өмірдің бар бақыты – еңбек ету, елге пайдалы болу. Үш баланың әкесі ретінде олардың тәрбиесіне, білім алуына, жақсы азамат болып өсуіне бар жағдайды жасап келдім. Отбасымдағы сыйластық пен береке – өмірлік құндылықтарымның бірі» дейді ол.
Жаңа жастың биігіне қадам басқан еңбекқор жанды өз ұжымы құрметті еңбек демалысына шығуымен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы қуанышы мен еңбегіне жаңа табыс тілейді.
Құрметпен, әріптестері



