Инклюзиялық театр қойылымы

Астанада М.Горький атындағы академиялық орыс театрында ерекше жандар қойылым қойды. Қыркүйек айында елордамызда ашылған инклюзиялық «Qazaq Inclusive Theatre» театры «Жоламан» қойылымының премьерасын көрермендерге ұсынды. Жаңадан ашылған бұл театрдың құрамында 25 актер болса, олардың жартысынан көбі – ерекше қажеттілігі бар жандар.
Қойылым Жүзбай Серіктің авторлық шығармасы «Жоламан» музыкалық драма жанрында сахналанды. Театрда режиссерлік қызметті Думан Умаров атқарса, Бахтияр Тұрсын инценировкаға жетекшілік етті. «Жоламан» қойылымында Біржан мен Аяла есімді қос ғашықтың арасындағы шым-шытырық оқиғалардың аясында қоғамның дертін ашық көрсете білді. Жастар арасындағы зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, олардың өмірі қалай жалғасатыны сахналанған.
Сахнада орындалған әр рөл – бір адамның өз шектеуінен өткен жеңісі. Ауылдан қалаға келген Аяла жүктілігін ата-анасына айта алмай, өз өмірін қиюға дейін барады. Бірақ, шығарманың шарықтау шегінде Аяланы Зәуреш есімді кейіпкер құтқарады. Балалы болуға мүмкіндігі жоқ ана мен құрсағындағы сәбиді өлімге қиған Аяла арасындағы диалог әлеуметтік мәселені көтерді. Перзентін қоқыс пен қалтарысқа тастайтын «көкек» аналардың жасайтын қателігі теміржолда көрініс тапты. Баланың мойнына таққан тұмар Жоламан есімді кейіпкердің араға 20 жыл салып анасымен қайта қауышуына себепкер болды.
«Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қойылым қоюға мүмкіндік алып отырмыз. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. «Жоламан» қойылымы толық сахналанған жоқ. Алдағы уақытта екінші бөлімін сахналаймыз. Бұл шығарма арқылы қоғамға ой салып, зорлықсыз қоғам қалыптастыруды насихаттаймыз» дейді шығарма авторы Жүзбай Серік.
«Жоламанның» негізгі мақсаты – жетімдердің қилы тағдыры. Ата-анасы асыраудан бас тартқан перзенттің келешегі қалай болатынын көрсету. Бұл қойылым «дүниеге келген әрбір сәби бақытты болуға лайықты» деген үндеу тастады. Сондай-ақ отбасындағы әке мен ананың рөлі барлық баланың келешегі қандай реңкке боялатынына тікелей байланысты.
Инклюзиялық театр – тек әлеуметтік жоба емес, шығармашылықтың жаңа формасы. Мұнда классикалық әдіс те, стандартты драматургия да өзгеріске ұшырайды. Режиссер актердің мүмкіндігін шектемейді, қайта оның ішкі әлемін тыңдап, жаңа тіл, жаңа пластика, жаңа форма табады.
Жаңадан ашылған «Qazaq Inclusive Theatre» театр ерекше жандардың жұмыс жасап, ел мәдениетіне үлес қосуға мүмкіндік жасап отыр. Алдағы уақытта бұл театрдың «Жоламан» қойылымы еліміздің барлық өңірлеріне жол тартады.



