Білім

Болашағы кемел білім ордасы

Өткен оқу жылында қаламызда 16 «Келешек мектебі» ашылса, жаңа оқу жылында астаналық шәкірттерге тағы да 7 бірдей «Келешек мектебі» есігін айқара ашты.

Елорданың 35 мыңға тарта тұрғыны бар ірі тұрғын әрі сәулетті алаптарының бірі – Үркер елді мекеніндегі жалғыз мектеп ұзақ уақыт бойы үш ауысымда жұмыс істеп келген еді. Жуырда ашылған №33 мектеп қаланың «Келешек мектептерінің» көшін бастап, осы мәселені шешуге мүмкіндік берді. Үркерлік оқушылар барлық жағдай жасалған заманауи зәулім мектепте білім алып жүр. Мектепте сапалы білім беру үшін қажеттінің бәрі бар. Заманауи жабдықталған кабинеттер, зертханалар, оқу залы бар кітапхана, телестудия, кең асхана оқушылардың игілігіне берілген.

«Бұл мектеп ашылғанға дейін Үркерде бір ғана үш ауысымды мектеп-гимназия болды. Жаңа мектептің іске қосылуының арқасында үш ауысым мәселесі толық шешілді. Қазіргі таңда мұнда шамамен 3 мың бала оқиды. Олардың басым бөлігі бұрынғы мектептен ауысты, сондай-ақ қалада білім алып жүрген, бірақ орын жетіспегендіктен мектепке қабылданбаған балалар да қайта оралды. Олар жазғы уақытта орналасып үлгерді» деді мектеп директоры Дана Оразалина.

Заман талабына сәйкес мұғалімдердің білігі де оқушылардың білімі мен тәрбиесінде алатын орны ерекше. Дана Оразалина – заманауи менеджмент қағидаттарын енгізіп, жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарының басшыларын даярлауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының түлегі.

Білім ордасы 2000 орынға есептелген, қазіргі уақытта 1600 бала бір ауысымда оқиды. Соның арқасында оқудан тыс уақытында түрлі шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмелерге қатыса алады. Шығармашылық бағыт домбырашылар ансамблі, қыш өнері, қолданбалы өнер мен телестудия болса, футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі мен шахмат секциялары балалардың денсаулығын шыңдауға арналған. Мұнда екі кең спорт залы, төрт киім ауыстыратын бөлме мен душ кабиналары бар. Футбол алаңы, үстел теннисіне арналған орын да қарастырылған. Сондай-ақ мұнда кітап оқу залы, телестудия, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін арнайы кабинеттер жабдықталған.

Жаңа мектеп балалардың тек білім алатын орны ғана емес, емен-жарқын араласып, пікір таластырып, өздерінің барлық қырын танытуға серпін беретін үлкен алаңға айналған. Мектептің ашылуын да тағатсыздана күтіп, қуанышпен қарсы алған ата-аналарының да көңілі жайланды. Жиналыстағы барлық іс-шараға қатысып, балаларының жетістігін бағамдап отырады. Бұл ретте мектепте ашылған «Даналық мектебі» деп аталатын ата-аналарды қолдау орталығының ықпалы зор. Онда ата-аналарға әртүрлі психологиялық көмек көрсетіледі. Қазіргі мектептердің басты проблемасының бірі – ата-аналар қауымдастығымен қарым-қатынастың нашарлығы, мектепке деген сенімсіздік, көпшіліктің мұғалімдерді жаппай айыптауы мәселелері болып отыр. Орталық осы мәселелерді ата-аналармен бірлесе шешуге ұмтылыс жасайды. Оған қоса әр сенбі сайын «Директорлық сағат» деп аталатын қабылдау жүргізіледі. Онда жұмыстан қолы тимейтін, қалада жұмыс істейтін ата-аналарға жеке кеңес беріледі. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны артып келеді. Бұл мектепте мұндай балаларды білім беру процесіне толықтай енгізуге мүмкіндік бар. Қазір инклюзия бойынша 12 бала оқып жүр. Әр балаға арнайы педагог-ассистент бекітілген, екі бала үйден оқиды. Сонымен қатар логопед, психолог, дефектолог мамандар бар, олар кез келген уақытта көмекке келе алады.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button