Зағип жандар спортына қолдау керек

Біз әлемді тек көзімізбен көреміз деп ойлаймыз. Бірақ жарықты жүрегімен сезіп, үмітін көкірек көзінен табатын адамдар бар. Олар мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге шексіз құштар. Солардың бірі – «Showdown» соқырлар үстел теннисі федерациясының президенті Жүзбай СЕРІК мырзамен саладағы мәселелер туралы әңгімелескен едік.
– Жүзбай аға, мүмкіндігі шектеулі жандарға театр, вокалдық үйірмелер, спорт түрлеріне баулитын мүмкіндік жасап беріп жүрген қоғамның белсенді азаматтарының бірісіз. Алдымен зағип жандармен жұмыс істеуді қалай бастадыңыз?
– Бұл істі бір сәттік шешіммен бастаған жоқпын. Өзім де көру қабілетімнен айырылған соң, қоғамның бізге деген көзқарасын сезіндім. Бірі аяйды, бірі елемейді. Мен өзімді аяп отыратын уақыттың өткенін түсіндім. Өмір – күрес. Егер сен өз жолыңды таба білсең, кез келген шектеу тек сынақ қана. Қоғам оларды әлсіз деп санайды. Шын мәнінде, олардың рухы біршама азаматтармен салыстырғанда биік. Көзбен көру бір басқа, ал көңілмен көру мүлде бөлек. Көңіл көзі ашық адам ешқашан адаспайды. Өйткені ол жарықты сыртқы ортадан емес, ішкі «менінен» іздейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шектетіп тастай алмаймыз. Біз де осы елдің азаматымыз, осы қоғамның бір бөлшегіміз. Көзі жарықты көрмесе де өмірге құштар мүгедектер қаншама. «Көзіміз соқыр болса да, көкірегіміз ояу болсын» деген ұранмен өмір сүріп, қоғамға қызмет етуге тырысамыз. Бүгінгі таңда әлемде 285 миллион адамның көзі көрмейді, ал елімізде 80 мыңға жуық зағип жан бар. Егер олардың бәрін «еңбекке жарамсыз» деп ысырып тастасақ не қалады? Сондықтан біз бәріміз өз шамамыз келгенше елге қызмет етуге міндеттіміз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орны мүсіркеудің емес, құрметтің нысаны болуы керек. Олар – өмірдің ауыр сынынан сүрінбей өтіп, әр күнін күреске айналдырған азаматтар.
– Showdown спортын елімізге әкелудегі түпкі мақсат қандай болды?
– Мен өзім спортты бала кезден жақсы көремін. Көзімнің көру қабілеті төмендегеннен кейін де спортқа деген ынтам сөнген жоқ. Әсіресе үстел теннисі маған ерекше әсер ететін. Шапшаңдыққа, дәлдікке, ой жүйріктігіне және айла-тәсілдерге жүгініп ойнайсың. Бірақ зағиптарға арналған нұсқасы Астана қаласын қоса алғанда еліміздің бірнеше өңірінде жоқ еді. Бұл – қабілетінен айырылған жандарға таптырмас ойын. Сол уақытта шетел тәжірибесін зерттей келе, Showdown атты ерекше ойын түрін таптым. Бұл – зағип жандарға арналған үстел теннисі. Көзбен емес, құлақ арқылы естіп, реакция мен түйсіктің сезу қабілетіне сүйеніп ойналады. Доп үстелдің үстімен сырғанап, өзіне тән дыбыс шығарады. Ойыншылар сол дыбысқа қарап, қай бағытқа соғу керегін анықтайды. Showdown жай ғана ойын емес. Бұл – спорт зағип жандардың есту, ойлау, логикалық қабілетін дамытуға бағытталған ерекше жаттығу. Көз көрмеген соң адамның есту қабілеті күшейеді. Сол артықшылықты біз спортта дамытамыз. Showdown адамның бойына өзіне деген сенім ұялатады. Өйткені бұл спортта жеңіс тек физикалық күшке емес, жүректің батылдығына байланысты. Қазіргі күні федерациямыздың құрамында 400-ге жуық спортшы бар.
– Федерацияның қазіргі хал-ахуалы қалай?
– Қиындықсыз іс болмайды. Қазір біз дайындалатын құрылымдар тым ескі. Мемлекеттік талаптарға сай келмейтін құрал-жабдықтар бар. Showdown спортына әкімшіліктен 200 шаршы метр кеңсе берілді, бірақ қаржы тапшылығынан жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Алда Кореяда өтетін халықаралық сайысқа дайындық үстіндеміз. Алайда жаттығу жасайтын жағдай шектеулі. Көмек сұрасақ, қол ұшын созатындар аз. Әсіресе демеушілер мен кәсіпкерлер тарапынан қолдау қажет. Бұл жолы Кореяға Showdown жарысына барамыз. Мұндай деңгейдегі дода Орталық Азияда алғаш рет өтеді. Біздің құрамда төрт спортшы мен екі жаттықтырушы бар. Бұған дейін Швейцарияда өткен жарысқа да қатыстық. Ол біздің алғашқы халықаралық тәжірибеміз болды. 40 спортшының арасынан орта қатардан көріндік. Бұл – тек бастамасы. Бізге ең бастысы, тәжірибе мен тұрақты дайындық керек.
– Федерацияға мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма?
– Шындығын айтқанда, қолдау бар деп толық айта алмаймыз. Көп жағдайда біз өз күшімізбен әрекет етеміз. Кішкентай бастама үлкен іске айналуы үшін ең алдымен сенім керек. Ал ол сенім бізге әлі де жетіспейді. Мемлекет назар аударып, осындай жобаларға тұрақты қолдау көрсетсе тек бір ұйымның емес, мыңдаған зағип жанның үміт отын жаққан болар еді. Өйткені біз тек спортпен айналысып жүрген жоқпыз, біз өмірге деген сенімді күшейтіп, қоғамға үлгі болуға тырысамыз. Қолдау болса, біз одан да көп жетістікке жетеміз. Тек материалдық емес, моральдық қолдау да маңызды. Бізге «сендерге сенеміз» деген бір ауыз жылы сөздің өзі күш береді.
Федерация өз күшімен өмір сүріп келеді. Кейде волонтерлер мен достар көмектеседі, бірақ тұрақты қаржы көзі жоқ. Showdown-ды дамыту үшін арнайы үстел, арнайы доп, қорғау көзілдірігі және дыбыс сүзгісі бар залдар керек. Дегенмен мемлекет тарапынан параспорт бағытына көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бірақ Showdown әлі тізімге енбей отыр. Біздің спортты параспорт қатарына қосып, қолдайтын болса, әлемдік деңгейдегі додаларда өзге елдегі өзіміз секілді мүмкіндігі шектеулі спортшылармен бәсекелесе алатынымызға сенімдімін. Дайындалатын кеңсеміз толық аяқталып, құрал-жабдықтарымыз түгенделсе, көк туымызды көкке көтеретін спортшылар да, өмірге құлшынысы артқан зағиптардың да саны артатын еді. Бізге аяушылықтың керегі жоқ. Бізге мүмкіндік керек. Кейде көздері көріп тұрып, көкірегі соқыр адамдарды кездестіргенде қиналасың. Өйткені шын мүгедектік – тәнде емес, санада.
Қазір елімізде зағип жандарға жағдай жасау бағытында белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Арнайы оқу орталықтары, Брайль әліпбиімен жазылған кітаптар, дыбыстық бағдаршамдар орнатылуда. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Қоғамда мейірім мен түсіністік болса, біз өз орнымызды табамыз.
– «Showdown» соқырлар үстел теннисі федерациясының алдағы бағыты қандай болмақ?
– Ең үлкен арманым – Showdown спортын Қазақстанның барлық өңіріне тарату. Әр қалада клубтар ашып, балалар мен жастарды тартқым келеді. Кейін бұл спорт арқылы халықаралық деңгейде ел намысын қорғауға болатын жүйе қалыптастырсақ деймін. Бірақ мен ешқашан үміт үзбеймін. Өйткені мені алға жетелейтін күш – көру қабілетім емес, көңілдің нұры. Менің бір ғана тілегім бар: көзің көрмесе де, көкірек көзіңді жоғалтпау! Адамның нағыз жарығы – жүрегінде. Егер біз сол жарықты сөндірмесек, өмір ешқашан қараңғы болмайды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге шексіз сеніммен қараған әр жанның ерлігі – тұтас қоғамға үлгі. Сол себепті мен бұл спортты тек ойын немесе жарыс деп емес, өмір мектебі деп қабылдаймын. Мұнда адам өз мүмкіндігін емес, өз күшін сынайды. Showdown арқылы әрбір қатысушы өз бойындағы сенім мен табандылықты оятады. Біз осы жолмен жүріп, ел ішінде бір-бірімізге демеу болсақ, қоғамда мүгедектік емес, мүмкіндіктің мәдениеті қалыптасады.
Қорыта айтқанда, Showdown спортына қолдау керек. Әкімшіліктен алған кеңсені аяқтауымыз керек. Осы спорт түрі арқылы ертеңгі күні талай қазақ баласы әлемдік аренада ел туын желбірететініне сенемін. Сол кезде біз бір нәрсені анық түсіне аламыз. Адамды алға жетелейтін – көз емес, жүректегі от, рухтағы сенім. Ал егер сол сенімді өшірмесек, мүмкін еместің өзі мүмкін болады. Ең бастысы, адам үмітін сөндірмесе өмір ешқашан қараңғы болмайды.
Сұхбаттасқан
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



