Қоғам мүддесі – ұдайы назарда

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда шаһар тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселелер қаралды. Қоғамдық кеңестің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы, академик Кәрімбек Құрманәлиевтің төрағалығымен өткен кеңес күн тәртібінде инклюзивті білім беру жүйесі, тұрғынжайды реновациялау, қолжетімді орта қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау тәртібі секілді қаланың әлеуметтік-саяси дамуына бағытталған 9 мәселе талқыланды.
Алғашқы болып сөз алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев инклюзивті білім беру жағдайы мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдау туралы баяндады. Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыстың негіздері таныстырылып, білім беру саласындағы жаңашылдықтар туралы ақпарат берілді.
«Келешекте әрбір мектепте инклюзиялық қолдау орталығы ашылады. Біз мұнымен біршама балаға мүмкіндік бере аламыз. Дегенмен халықаралық сарапшылар бұл жүйеге тағы да өзгерістер керек екенін айтуда. Олар балаларды сау және науқас деп бөлуге қатысты уәж айтты. Алдағы уақытта осыны біржақты шешуіміз керек» деді бұл туралы Қ.Сенғазыев.
Қаладағы тұрғын үй қоры мен әлеуметтік қолдауға қатысты мәселелер бар. Бұл туралы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндамасында айтылды. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы, тұрғын үй сертификатының мөлшерін анықтау және лифтілерді ауыстыруға кеткен қаражатты қайтару тетіктері талқыланды.
Коммуналдық және инфрақұрылымдық салалар да назардан тыс қалған жоқ. Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықов қаладағы ирригация және дренаж жүйелерін пайдалану қағидаларын таныстырып, олардың маңызын атап өтті.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов Астанада қолжетімді орта құруда жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Қоғамдық кеңес отырысы барысында қалалық әкімдік қызметінің тиімділігін арттыру да сөз болды. Әкім аппараты басшысының орынбасары Тимур Мусин «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін ұсынды, бұл мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған.
Кеңес мүшелері талқыланған мәселелер бойынша нақты сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Қоғам мүддесіне сай шешімдер қабылдау бағытында жүйелі жұмыс жалғасатыны айтылды.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



