ҮЕҰ өкілдері арасында «BRAIN GAME» интеллектуалдық ойыны өтті
Астана қаласында ҮЕҰ өкілдері арасында «BRAIN GAME» интеллектуалдық ойыны өтті. Ойын тақырыбы «Отбасы, құндылықтар және қоғам» деп аталды.
NGO Leaders Club аясында үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне, жастар бастамаларына және азаматтық сектор қатысушыларына арналған «BRAIN GAME» командалық интеллектуалдық ойыны нетворкинг форматында ұйымдастырылды. Іс-шараға ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар ұйымдары, волонтерлер және белсенді азаматтар шақырылды. Басты мақсат – ҮЕҰ өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, командалық коммуникацияны дамыту, тәжірибе алмасу және отбасы мен қоғамдық құндылықтарды интерактивті формат арқылы насихаттау.

-Бүгінгі интеллектуалдық ойыннан көп нәрсе білдік, кейбір мән бермейтін дүниелерге назар салуды, өзіңе басқа қырыңнан қарауды, жеке ресурсыңды бағамдауды үйренуге септік етеді. Әдетте біз қызу тірлік, толассыз жұмыстармен жүріп айналамызға байыппен қарауды ұмытып қаламыз, осы тұрғыда мұндай іс-шаралардың тиімділігі зор. Сондықтан ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, — деді “Ардагер” ҚБ басшысы Баян Ахметжанова.

Ойын бағдарламасында интеллектуалдық және командалық тапсырмалар беріліп, онда отбасы, дәстүр және қоғам мәселелері көтерілді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
-Мұнда қазір түрлі ҮЕҰ өкілдері келіп отыр. Олардың ішінде мүгедектігі бар жандарға қатысты ұйымдардың да басшылары бар. Бізге мұндай іс-шаралар өзара тәжірибе алмасу, танысу, кеңесу мақсатында аса қажет. Біздің қор 2023 жылы құрылып, содан бері тұрғын үй кезегінде тұрған, осал топтарға жататын елордалықтардың құқығын қорғаумен айналысып келеді, халықты мемлекеттік бағдарламалармен таныстырады. Осындай маңызды міндеттерді атқару барысында біз үшін бүгінгідей іс-шаралардың берері көп, — дейді “Рухтылар” қоғамдық қорының басшысы Айнагүл Мұзафар.
Қатысушылар білімі мен логикалық ойлау қабілетін сынап қана қоймай, кәсіби байланысын кеңейтіп, қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылады және ашық әрі жағымды атмосферада уақыт өткізді.
Райхан Рахметова



