Қазақстанда мейрамхана бизнесі қалай дамып жатыр

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша елімізде 55 жаңа мейрамхана пайдалануға берілді. Бұл – соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Өткен жылмен салыстырғанда өсім 1,8 есеге артқан. Мұндай серпін аталған кезең ішіндегі ең айқын көрсеткіш болып отыр.
Ал жалпы енгізілген орындар саны бойынша деректер он жылға дейінгі аралықты қамтиды. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 16,2 мың орынға жеткен, бұл 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгей (сол жылы – 19,4 мың орын болған).
Алайда бір мейрамханаға шаққандағы орташа орын санын есептеу мүмкін емес, себебі мейрамханалар статистикасына тек жаңадан салынған нысандар енгізілсе, ал орын санының есебіне реконструкцияланған нысандар да кіреді.
Сонымен бірге, бір орынның орташа құнын анықтауға болады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларында енгізілген мейрамханалардың жалпы құны шамамен 57 млрд теңгені құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Осылайша, бір орынның орташа құны 3,5 млн теңгеге тең (жылдық өсім – 46%).
Жаңа мейрамханалардың аймақтар бойынша үлесі біркелкі емес.
Көш басында Түркістан облысы тұр – елдегі барлық жаңа мейрамханалардың 40%-ы немесе 23 нысан осы өңірде ашылған. Одан кейінгі орында Қызылорда облысы (7 нысан), үшінші орында Атырау облысы (5 нысан) орналасқан.
Астанада биыл бар болғаны бір мейрамхана пайдалануға берілді, бірақ мұнда бір орынның орташа құны ең жоғары – 12,3 млн теңге. Нысан 200 орынға есептелген.
Ал Алматы қаласы бойынша ресми статистика жаңа мейрамхана ашылғанын тіркемеген.
Айта кетерлігі, елде кафе саны да рекордтық деңгейге жеткен. Тоғыз айда 68 жаңа кафе ашылып, бұл соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды. Барлығы 4,9 мың орын пайдалануға беріліп, олардың жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрады.
2025 жылдың басындағы ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2,4 мың мейрамхана (339,1 мың орын) және 5,2 мың кафе (293,4 мың орын) жұмыс істейді.
Мейрамханалар мен кафелерді пайдалануға беру туралы статистикалық есептерді заңды тұлғалар тікелей Ұлттық статистика бюросына тапсырады, ал жеке тұлғалар жергілікті атқарушы органдар арқылы есеп береді. Барлық деректер нысанды пайдалануға қабылдау актілерінің негізінде жинақталады.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл басынан бері 266 минимаркет пен 90 супермаркет ашылды.



