Жасанды интеллект: қауіп пе, мүмкіндік пе?

Астанадағы №84 мектеп-лицейде «Жасанды интеллект дәуіріндегі педагог құзыреті мен этикасы» атты республикалық форум өтті. Шараға 300-ден астам педагог қатысып, жасанды интеллект заманындағы мұғалімнің құзыреті мен этикасы талқыланды.
Барша ұстаздардың басын қосқан ауқымды форумда жасанды интеллектіні қолданудағы этикалық мәселелер, балалардың жас ерекшеліктерін ескеру, ЖИ технологияларын сабақ мазмұны мен бағалау жүйесіне енгізу тәсілдері қаралды.
Ең алдымен сөз алған №84 мектеп-лицей директоры Самал Нұғыманова қазіргі педагог тек цифрлық құралдарды меңгеріп қана қоймай, оқушыларға технологияларға жауапкершілікпен және саналы түрде қарауды үйретуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Жасанды интеллект – қауіп емес, мүмкіндік. Балаларды ойлануға, талдауға және технологияны қоғам игілігі үшін қолдануға үйрету маңызды» дей келе, «Болашақ мектебі» моделін таныстырып, онда жасанды интеллект оқушыларға жеке бағытталған білім берудің құралы ретінде қолданылатынын атап өтті.
«Технологиялар білім беруге көмектесуі тиіс, бірақ оны алмастырмауы керек. Гуманитарлық құндылықтардың сақталуы маңызды. Жасанды интеллект – көмекші, алайда оқу үдерісінің өзегінде адам тұруы тиіс» дейді форумға қатысқан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Назипа Аюбаева.
Жалпы Keynote-сессиялар барысында қатысушылар білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың өзекті тәжірибелерімен танысты.
ISSAI ұйымының атқарушы директоры Ербол Абсалямов қазақ тілін цифрлық ортада дамыту бағытындағы жобаларымен бөлісті. Ал Amansultan платформасының негізін қалаушы және EDCRUNCH конференциясының ұйымдастырушысы Нұрлан Қиясов білімге жасанды интеллектіні тиімді енгізудің әлемдік тәжірибелері туралы айтты.
Астана қаласы Әдістемелік орталығының директоры Сындар Дәуешова форумның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өткенін атап өтті. Тапсырма – жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, балаларды үйрету және педагогтардың құзыреттілігін арттыру.
– Мектептерде жасанды интеллектіні енгізу тақырыбын талқылаудағы басты мақсат – мұғалімдердің көмекші құралы ретінде және білім сапасын әрі қарай тереңдету. Ең бастысы, ЖИ қолданған кезде этика мәселесін үйрету. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академиясының әдістемелік нұсқаулығы шықты. Осы нұсқаулықпен танысып, этикалық жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта оқу бағдарламасына ЖИ меңгеру пәндері енгізіледі» дейді Сындар Дәуешова.
Пленарлық отырыстан кейін практикалық шеберлік-сыныптар мен EdTech көрмесі өтті. Онда мұғалімдер өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды: оқыту кезінде чат-боттарды қолдану, Google for Education арқылы сабақтарды визуализациялау, химия бойынша виртуалды зертханалар құру, ЖИ арқылы сыни ойлауды дамыту әдістері.
Жас педагогтар мен тәжірибелі мұғалімдер қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика, физика және биология сабақтарына жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен бөлісті. Семей, Қарағанды және Абай облыстарынан келген қатысушылар академиялық адалдық пен цифрлық сауаттылықты қалыптастырудың инновациялық тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар «ЖИ дәуіріндегі өмірге дайын болу үшін балаларға қандай дағдылар қажет?» атты пікірталас барысында XXI ғасыр оқушыларына қажетті дағдылар мен құзыреттер талқыланды. Ал EdTech-жобалар көрмесінде мектептерге арналған жаңа әзірлемелер ұсынылды, олар: Google for Education арқылы сабақ визуализациясы, деректерді талдау құралдары және AI-карталар.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



