«JOLTAP»: 36 мыңнан астам астаналық көмек алды

Елордада екі жыл қатарынан азаматтарға жұмыс табуға, табысын арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге көмектесетін «JOLTAP» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба іске қосылған уақыттан бері 36 мыңнан астам астаналыққа қолдау көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаны жүзеге асыру Астана қаласы әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының бірлескен жұмысы аясында жүргізілуде.
Басты мақсат – жұмыспен қамту шараларын қамти отырып, қала тұрғындарының табысын арттыруға жәрдемдесу, соның ішінде қысқамерзімді оқытуды ұйымдастыру.
Екі жыл ішінде жобаға 36 мыңнан астам адам қатысып, оның ішінде 16 мыңнан астамы қысқамерзімді оқытудан өтті, 8 мыңнан астамы қала кәсіпорындарына жұмысқа орналасты, 1,5 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды.
«JOLTAP» аясында елорда тұрғындары 12 жұмысшы және 7 цифрлық мамандық бойынша тегін қысқамерзімді оқудан өтеді. Оқыту бағдарламалары авторлық сипатта болып, жергілікті бизнес өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта әзірленген.
Мамандықтар тізімі колледждерде бар бағыттарды қайталамайды.
Мысалы, жиһаз жинаушы, аяқ киім жөндеуші, май мен автодөңгелек ауыстырушы, полимерлі бояу маманы сияқты бірегей жұмысшы мамандықтарына тек «JOLTAP» жобасында ғана оқуға болады.
Қатысушылар салалық тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, жеке кәсіп ашуға қажетті негізгі білімдерді (SMM, таргеттелген жарнама, бухгалтерлік іс) алады. Осылайша, өз микробизнесін бастау мүмкіндігіне ие болады.
Көбіне түлектер өз ісін бастаған кезде, Жоба ұйымдастырушылары құрған және үйлестіріп отырған Whatsapp кәсіби чаттары арқылы бір-бірін жұмысқа алады. Осылайша, адамдар өз табысын арттыруға қажетті дағдылармен қатар, кәсіби қауымдастыққа да ие болады – онда олар тек практикалық сұрақтарға жауап қана емес, сонымен бірге адами қолдау да таба алады.
«Мемлекетте халықты қолдауға және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. Бірақ бұл жоба ерекше — мұнда адамдарға жаңа, тіпті кейде өміріндегі алғашқы мамандықты меңгеру мүмкіндігі беріледі. Менің ойымша, жоба сәтті жүзеге асырылды – көптеген азаматтар жұмыс тапты.
Ең бастысы – тұрғындар өмірге деген жаңа мағына мен оптимизм алды», – деген болатын Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жоба аясында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында бір жыл бұрын отандық «JUMYSTAP.kz» жұмыс пен қызметкер іздеу платформасы іске қосылды. Қысқа уақыт ішінде платформада 3,5 мыңнан астам жұмыс беруші, 4,1 мыңнан астам бос жұмыс орны және 24 мыңнан астам жұмыс іздеуші тіркелді. Ізденушілердің жартысы – «JOLTAP» жобасының түлектері.
Әрбір қалаушы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы өзекті бос жұмыс орындары, қолдау шаралары жөнінде кеңес алып, оқуға жазыла алады.



