Orda Autism: бесінші орталығы ашылды

Астанада ерекше балаларды оңалту бойынша 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Orda Autism балаларды түзету орталығының бесінші филиалы ашылды. Алматы ауданындағы М. Төлебаев көшесінде орналасқан жаңа орталықтың ашылуына аудан әкімі Рүстем Тәуекелов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, аудан ақсақалдары, ата-аналар мен демеушілік еткен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Орда» аутизмі бар балалар ата-аналарының бірлестігі» ҚБ-ға қарасты орталықтың мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды әлеуметтендіру, дамыту және қолдау, сонымен қатар олардың қоғамға толыққанды сіңісіп кетуіне ықпал ететін инклюзивті орта қалыптастыру. Орталық ғимаратында логопед, дефектолог, психологтар кабинеттері бар, бейімдеуге арналған дене шынықтыру жаттығулары өткізіліп, арт терапия, музыка терапия, ойын терапиясы бойынша топтық сабақтар беріледі, сонымен қатар бір ерекшелігі – бұл жерде балалардың өз-өзіне күтім жасауына арналған кабинет, яғни шаштараз салоны да ашылған.
-Астанада 9 жылдан бері осындай ерекше балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіп келеміз, сонымен қатар бізде түзету қызметі де бар. Дәл қазір барлық филиалда Астанадағы 18 жасқа дейінгі 684 аутизмі бар балалар мен жасөспірімдерді арнайы қызметпен қамтып отырмыз. Соның ішінде осы жаңа орталыққа 90 бала тіркелді. Оларға барлығы 140 адам қызмет етеді. Қызметкерлердің қақ жартысы – ерекше балалардың аналары. Елорданың, соның ішінде аудан әкімдігінің, әлеуметтік кәсіпкерлік қауымдастығының қолдауымен жаңа ғимарат бізге тегін берілді, яғни жалдау ақысын төлемейміз. Ал жөндеу, абаттандыру жұмыстарын демеушілердің көмегімен жүзеге асырдық, осы түрғыда жергілікті әкімдікке, барлық демеушілерге алғысымыз шексіз, — дейді «Орда» аутизмі бар балалар ата-аналарының бірлестігі» ҚБ төрағасы Салтанат Есмағанбетова.
Оның айтуынша, қазір Астана қаласында аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар. Жыл сайын олардың саны 13 пайызға артады. Сондықтан бұл орталыққа сұраныс жоғары. Оған аталған мекеменің сапалы сенімді қызметі де сеп. Тіпті өзге өңірлерден арнайы осы жерге балаларын әкеліп қарататындар көбейген.
Ашылу салтанатында аудан әкімі мен басқарма басшысы орталықтың лентасын қиып, өз сөзінде бұл орталық алғаш ашылған күннен бастап ерекше балалары бар жүздеген отбасыларға сенім мен үміт сыйлағанын жеткізді. Алдағы уақытта да оның жұмысын қолдауға билік өкілдері дайын екенін алға тартты. Аудан әкімі және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы атынан орталықтың белсенді қызметкерлері мен демеушілеріне Алғыс хаттар табысталды. Ақсақалдар ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты. Балалары үшін қамкөңіл ата-аналар тағы бір жаңа түзету орталығының ашылғанына қуанышын білдірді.
Райхан Рахметова
Фото: Астана қаласы әкімдігі