Таразиге – құрмет пен тағзым

Кеше көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, зиялы қауым өкілдері, елордалық қаламгерлер қатысты. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Әкім Тарази атындағы мәжіліс залының ашылу рәсімі және дөңгелек үстел өтті.
– Әкім Тарази Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов сияқты танымал тұлғалардан тәлім алып, сол ұлағатты жолды өз шәкірттеріне үйретті. Ол білімге, жастардың рухани дамуына ерекше мән берді. Оның еңбегін құрметтеу мақсатында Мемлекет басшысы, қала әкімдігі мен қоғам қайраткерлерінің қолдауымен екі маңызды іс-шара өтті – жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол қызмет еткен университет ғимаратында мәжіліс залы ашылды, – деді жазушының жары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Роза Мұқанова.
Мәжіліс залының фойесінде келген қонақтар жазушының өмір жолын бейнелейтін фотокөрмені тамашалады.
Қазақ прозасы мен драматургиясында «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Жолы болғыш жігіт», «Күлмейтін комедия» секілді көркем туындыларымен дараланған Әкім Тарази – өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеуде ашылған жоғары сценаристер курсында арнайы оқыған тұңғыш кәсіби кинодраматург. Ол қазақ киносының алтын қорына енген «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Арман – атаман», «Қызжылаған» фильмдерінің сценарийін жазды. Сонымен қатар елімізде «кинотеледраматургия» мамандығын ашуға мұрындық болып, жүздеген шәкірттің кәсіби жолын қалыптастырды. Қаламгердің ұстаздық қызметі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында басталып, өмірінің соңғы жылдарына дейін К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғасты.