400-ге жуық бөтелке қақпағынан Қазақстан картасын жасады

Елордада №55 орта мектеп оқушылары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеп, ерекше экологиялық жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлап, бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның көлемді картасын құрастырды.
Жобаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқысты қайта қолдануға үйрету. Бұл игі бастаманы мектептің «Экоәлем» бағыты бойынша жауапты мұғалім Данар Төлегенова ұйымдастырды.
5-11 сыныптар арасында өткізілген қақпақ жинау сайысы арқылы оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен белсенділік қалыптасты.
«Экоәлем» бойынша жиналған қақпақ саны 832 дана құрады. Ал көлемді карта жасау үшін 397 түрлі-түсті қақпақ жеткілікті болды.
Қалған қақпақтар алдағы экологиялық жобаларға сақталып қойылды.
Картаны құрастыру жұмысына 5-6 сыныптың «Экоәлем» көшбасшылары мен белсенді ата-аналар да ат салысты. Бірлесе жұмыс істеу балалардың ынтасын арттырып, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретті.
Бұл жоба – мектеп оқушыларының экологиялық сана-сезімінің артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Бөтелке қақпағынан жасалған Қазақстан картасы оқушылардың тек қана шығармашылық қабілетін емес, сонымен қатар елге, жерге деген сүйіспеншілігін де байқатады.