Әлемдік тепе-теңдіктің жаңа кезеңі басталды ма?

13 қазаннан бастап Таяу Шығыстың соғыс қасіреті торлаған аспаны ашылып, жұрт бейбіт күннің ауасымен тыныс алды. Израиль мен ХАМАС арасындағы атыс тоқтап, келісім жасалды. Бір сәтке болса да, оқтың үні өшіп, соғыстан шаршаған жұрт ертеңге сеніммен қарады. АҚШ-тың арағайындығымен ХАМАС 20 тұтқынды босатты. Бұған жауап ретінде Израиль де екі мыңға жуық палестиналықты түрмеден шығарды. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл күнді «тарихи таң» деп атап, әлемге бейбітшілік туралы жаңа үміт сыйлағанымен, бүкіл әлемде «бұл уақытша тыныштық емес пе?» деген күдік басым болды.
Дегенмен, Газаның жағдайы мүшкіл. Біріккен Ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының дерегінше, Газа секторын қайта қалпына келтіру үшін 70 млрд АҚШ доллары қажет. Әсіресе Газа қаласында ахуал күрделі. Шаһардағы ғимараттардың 92%-ы бүлінген. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына ұзақ уақыт қажет. «Өйткені қыруар қаражатты тез арада жинау мүмкін емес» дейді ұйым өкілдері. Бұған дейін АҚШ, Еуропа және араб елдері тиісті қаржыны жинауға көмектесетінін мәлімдеген.
Трамптың талпынысы табысты болды
Трамптың Газадағы жағдайды реттеуге бағытталған 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспары Газа үшін жаңа бетбұрыс болуы мүмкін. Бұл құжат аймақты қақтығыстан арылтып, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуды көздейді. Жоспарда соғысты тоқтатудан сырт, тұтқын алмасу, гуманитарлық көмекті ұлғайту, инфрақұрылымды қалпына келтіру және Газада саяси емес, технократиялық басқару жүйесін енгізу секілді маңызды шаралар қамтылған. Сонымен қатар, ХАМАС ұйымының қаруын тапсыруы, демилитаризация процесі мен халықаралық бақылаудағы уақытша әкімшілік құрылуы да ұсынылған. Трамптың бастамасы БҰҰ мен араб елдерінің қатысуымен іске асуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоспардың табысы Палестина мен Израильдің өзара сеніміне, сондай-ақ аймақтағы державалардың саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты.
14 қазан күні Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында Газа секторындағы атысты тоқтату және кепілдегі барлық Израиль азаматтарын босату мәселесіне арналған «Бейбітшілік саммиті» өтіп, Газа секторында татуласу туралы келісімге қол қойылды. Америка президенті бұл «соғыстың аяқталуы ғана емес, сонымен бірге террор дәуірінің аяқталуы және сенім мен үміт дәуірінің басы» деп мәлімдеді. Сондай-ақ саммитке қатысушылар қақтығысты реттеу бойынша Трамп ұсынған жоспардың келесі кезеңдерін жүзеге асыруға шақырған еді. Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы жағдайды реттеу бойынша бейбіт жоспардың екінші кезеңінің басталғанын мәлімдеді. Трамп кепілдегі 20 адамның барлығы қайтарылғанын, алайда мерт болғандардың денелері әлі Газада екенін жеткізді.
Украинадағы жағдай ушыға бере ме?
Таяу Шығыстағы оқиғалар Иерусалимнен екі мың шақырымда жатқан Киевті де бейжай қалдырған жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желідегі жазбасында «Бір аймақтағы соғыс тоқтаса, басқа аймақта да үміт бар» деп мәлімдеді. Бірақ Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыстың табиғаты да, мүддесі де бөлек. Израильдің АҚШ-пен байланысы оны дипломатиялық тұрғыдан өзара тіл табысуға мүмкіндік берді. Екінші тұрғыдан, АҚШ Израильге қысымды арттырып, бейбіт келісімге келуге мәжбүрледі. Ал Ресейдің жағдайы бұған мүлде ұқсамайды, яғни Қытайдың экономикалық қолдауына арқа сүйеген Кремль халықаралық санкциялардың қысымына төтеп беріп, Солтүстік Кореядан қару-жарақ алып, соғысты жалғастырып жатыр. Трамптың «Украина соғысы мәселесі оңай шешіледі деп ойладым. Ол Израильмен тізе қосып сәтті жүзеге асырған істен әлдеқайда жеңіл болады деп ойлағанмын» деген сөзі осы жайды аңғартса керек.
Трамп Мысырдағы сапарынан қайтып бара жатып, Зеленскиймен 17 қазанда Ақ үйде кездесетінін мәлімдеді. Осыған байланысты сарапшылар Таяу Шығыстағы жағдай реттелсе, Трамп енді басты назарды Украина мәселесіне аударуы мүмкін деп тұспал жасады.
Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Зеленский Трамппен Украина әуе қорғанысын күшейту және ұзаққа ұшатын зымырандар алу мәселесін талқыламақ. Бұған дейін Киев АҚШ-тан «Томогавк» зымыранын сұраған. Трамп Ресей атысты тоқтатуға көнбесе, Украинаға осы зымыранды беру мүмкіндігін қарастырамын деген. Мәскеу Вашингтон Киевке «Томогавк» зымыранын берсе, соғыс ушығып, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы қиындайтынын айтып келеді. Ресей билігінің кейбір өкілдері Украина «Томогавк» зымыранымен шабуылдаса, Ресей ядролық қарумен қарымта қайтаруы мүмкін екенін меңзеген. Өйткені «Томогавк» зымыраны ядролық бомбамен де жабдықталуы мүмкін дейді олар.
15 қазан күні Трамп Украина-Ресей соғысы жайлы тағы пікір білдірді. Ол: «Путин бұл соғыста бір аптада жеңуі тиіс еді. Бірақ міне, соғыс 4 жылға кетті. Украина қайсарлықпен соғысуда. Путин бұл соғыста 1,5 млн әскерін жоғалтты. Өлгендер мен жараланғандарды қосқанда. Бұл екінші жаһан соғысынан кейінгі ең қанқұйлы соғыстың бірі болды» деді.
Жақында The Washington Post газеті Қытайдың Ресейге әскери қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырғанын жазды. Әсіресе дрондарға қажетті бөлшектер мен оптикалық-талшықты кабельдер жеткізілімі күрт көбейген. Шілде-тамыз айларында Қытайдан Ресейге экспортталған оптикалық талшық көлемі 10 есеге жуық артқан. Бұл – соғыс басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Тек тамыз айында Қытай Ресейге 528 мың шақырым оптикалық талшық жеткізген. Бұл маусымдағы көрсеткіштен үш есеге көп. Сол аралықта Украинаға бар болғаны 116 шақырым өнім ғана жөнелтілген. Ал литий-ионды батареялардың экспорты маусым айында рекордтық деңгейге жетіп, 54 млн долларға дейін өскен, Украинаға небәрі 12 млн доллардың өнімі сатылған. Мұндай айырмашылықтар – тек сауда статистикасы ғана емес, геосаяси бағдардың айғағы.
Қытай мен АҚШ қайта мүйіздесті
10 қазан күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін барлық импорт тауарларға салынған қосымша 100 пайыздық тариф 1 қарашадан бастап өз күшіне енетінін ескертті. Оның айтуынша, бұған Қытайдың сауда саласындағы «өте агрессивті ұстанымы» түрткі болған.
Жақында Қытай Сауда министрлігі әлемдік нарықтағы сирек кездесетін материалдар айналымына бақылауды күшейтетін экспорттық ережелер енгізетінін хабарлады. Жаңа тәртіпке сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап құрамында қытайлық сирек элементтердің кем дегенде 0,1%-ы бар кез келген өнім ҚХР билігінің рұқсатынсыз қайта экспортталмайды. Демек, әлем бойынша сирек саналатын 18 элементтің 12-сінің экспорты енді толығымен Қытайдың сауда министрлігінің бақылауында болмақ. Бұл шара Трамп пен Си Цзиньпиннің Оңтүстік Кореядағы кездесуі аясында қабылданған. Аталған жаңалық нарықта бірден үлкен қозғалыс туғызды: China Northern Rare Earth Group, China Rare Earth Resources & Technology және Shenghe Resources компанияларының акциялары бір күн ішінде 9-10 пайызға дейін қымбаттады. Ал Оңтүстік Корея мен Тайваньның технологиялық алыптары – Samsung, SK Hynix және TSMC – жаңа ереженің ықпалын зерттеуге кірісіп, Сеул Қытаймен ықтимал зиянды азайту бағытында келіссөздер бастауға әзір екенін мәлімдеді. Қытайдың Трамптың қаһарына ілінуіне осы жағдай себеп болды.
Бұл жағдайдың салдары бір ғана экономикалық шеңберде шектеліп қалмай, жаһандық геосаяси тепе-теңдікке де әсер етуі әбден мүмкін. Трамптың Қытайдан келетін барлық импортқа тариф енгізуі – АҚШ-тың сауда соғысын қайта өршітуге дайын екенін көрсетеді. Ал Қытайдың сирек кездесетін элементтер экспортына бақылау орнатуы – Вашингтонға тікелей жауап іспетті. Бұл элементтер жоғары технологиялық өнімдер, әсіресе әскери және энергетикалық секторлар үшін стратегиялық маңызы бар шикізат саналады. АҚШ – қытайлық сирек элементтердің басты тұтынушысы, әрі бұл элементтер АҚШ-тың қорғаныс өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызға ие. Демек, олардың шектеулі экспорты АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропаның чип өндірісі мен әскери техникасына соққы беруі мүмкін.
Бұл шиеленіс Украинадағы соғыспен де тығыз байланысты. Соңғы уақытта Қытайдың Ресейге дрон бөлшектері мен қосалқы оптикалық құрал-жабдықтар жеткізуді көбейткені туралы мәліметтер жарияланды. Яғни, Пекин Батыстың санкцияларына ашық қарсы шығып, Мәскеуге жанама қолдау көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда Трамптың Қытайға бағытталған тарифтік қысымы тек сауда саласын емес, Украинадағы соғыстың геоэкономикалық теңдігін де қозғайды.
Егер Қытай жауап ретінде сирек металдар экспортына нақты тыйым салса, бұл Украинаға қару-жарақ жеткізуге қиындық туғызуы мүмкін, себебі Батыс елдерінің зымыран, дрон және бронетехника өндірісі дәл осы материалдарға тәуелді. Ал Ресей болса, Қытайдан баламалы жеткізілімдер алып, санкциялық қысымның салдарын жұмсарта алады.
Нәтижесінде, Трамп пен Си Цзиньпин арасындағы экономикалық тартыс Украина майданындағы күш тепе-теңдігіне де ықпал етуі ықтимал. Батыс технологиясына тәуелді елдер әскери өндіріс қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. Ал Қытай мен Ресей одақтастығы нығая түссе, бұл жаңа «экономикалық майданның» басталуына жол ашпақ.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ