Қоғам

Тамағы дәмді аспаз

Бала – болашақ иесі, ал оның денсаулығы – елдің аманаты. Кішкентайлардың бойына қуат беріп, ақыл-ойының дұрыс қалыптасуына себепкер – ол сапалы әрі пайдалы тағам. Осы орайда, балабақша аспазының еңбегі ерекше.

Солардың бірі – Астана қаласындағы №30 «Қайнар» балабақшасының тәжірибелі аспазы Сағат    Бекмағамбетова.

– Мен осы балабақшада 35 жыл бойы еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында талай баланы кішкентайы­нан қабылдап, олардың қалай өсіп, ержетіп, тіпті өз баласын ертіп қайта келгеніне де куә болдым. Сондықтан да бұл жерден шыққан адам­дар да балалар да маған өте ыстық. Мұндағы баланың әрқайсысы мен үшін өз баламдай. Бір сөзбен айтқанда, балабақша – менің екінші үйім сияқты, – дейді Сағат Нескенқызы.

Ол Ақмола облысының Шалқар ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, 1980 жылы елордаға (ол кезде Целиноград) келіп, құрылыс-техникалық техникумға оқуға түсіпті. Алайда тағдыр оны тағам дайындау ісіне алып келген.

– Аспаздыққа бірден келдім деп айта алмаймын, бірақ бала күнімнен ас үйге, тамақ әзірлеуге ерекше қызығатынмын. Сол қызығушылығым мені осы жолға әкелді. 1990 жылы №30 «Қайнар» балабақшасына жұмысқа орналастым. Сол күннен бері осы ұжыммен біргемін. Жылдар өте балалардың да, әріптес­тердің де ауысқанын көрдім, бірақ ұжымның бірлігі мен жылуы өзгерген жоқ. Әрі мен де жұмыс ауыстырмай тұрақты түрде істеп келемін, – дейді кейіпкеріміз.

Жастайынан еңбекпен өскен Сағат Нескенқызы бүгінде зейнет жасында болса да, сүйікті ісін тастамаған.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Таңертең балабақша есігін ашып, кішкентайлардың мәз-мейрам күлкісін естігенде бір сергіп қаламын. Балаларға таза әрі дәмді ас әзірлеу – үлкен жауапкершілік. Әр тағамның сапасына, мөлшеріне, дәрумендік құрамына дейін мән береміз. Өйткені бала денсаулығының негізі дұрыс тамақтанудан басталады. Осыны түсініп, шын ықыласпен істесең, шаршау да білінбейді, – дейді көп жылғы еңбегіне адал аспаз.

Бүгінде Сағат Нескенқызы жас әріптестеріне үлгі болып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ол үшін бұл жай жұмыс емес – жүрек қалауымен таңдалған өмірлік мамандық.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button