Қоғамдық кеңестің кезекті жиыны

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында елордадағы кейбір өзекті мәселелер бойынша нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралды.
Алдымен Астана қаласының аумағында сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде орналастыру тәртібі мен шарттары туралы қағидаларды бекіту туралы сөз болды. Баяндама жасаған Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов қолданыстағы қағидаларды ауыстыру үшін жаңа қағидалар қабылдауға себеп болған жайттарды ортаға салды. Қарастырылып жатқан қағида жобасы Астана қаласы аумағында жарнаманы орналастыру тәртібі мен шарттарын, жарнама туралы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жою тәртібін, Астана қаласының аумағында сыртқы ақпаратты бөлшектеу бойынша жұмыс жүргізу тәртібін, жарнама туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын анықтайды.
– Басқармада биыл 9 айда елорданың біртұтас сәулеттік-көркемдік келбетіне қатысты біраз жұмыстар атқарылды. Мониторинг шеңберінде 45 659-дан астам сыртқы жарнама элементтерін тексеру нәтижесінде жергілікті бюджетке 1,5 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Ғимараттардың қасбеттеріне сыртқы ақпаратты орналастырудың 421 тұжырымдамасы әзірленді. 1300 ғимараттың бірыңғай сәулеттік-көркемдік келбеті келтіріліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сай келмейтін және елорданың сәулеттік келбетін бұзатын, өз бетінше орнатылған 5306 жарнама мен маңдайша элементтері алынып тасталды. Елорданың сәулеті мен келбетінің заң талаптарына сәйкестігі бойынша 17 238 кеңес беріліп, 8797 маңдайша эскизі қаралды, – деді басқарма басшысы.
Кеңестің күн тәртібіндегі келесі тақырып – Астана қаласында жол қозғалысын ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин баяндады.
Кеңесте сондай-ақ Астана қаласының аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының мөлшерлемелерін белгілеу туралы Астана қаласының Мәдениет басқармасы басшысы Жанабай Мейірманқұлов баяндама жасады. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов ақпарат берді. Кеңес төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов пен өзге де қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойды.
Райхан Рахметова
Фото: Василий Крась