Әлеумет

Теміржолшы әулеті

547 жыл. Бұл – бір әулеттің темір жол саласындағы еңбек өтілі. Сәлімгерейдің
ұлы Минмұхамет Ақмола теміржолының басында тұрса, бүгінде одан өрбіген
ұрпақтың дені темір жол бойында еңбек етіп келеді.

Темірдей тәртіп пен жауапкершілікті жалау еткен жұмысшы әулетінің ортақ тағдыры таңғаларлық. Әулеттің көшбасшысы Минмұхамет 1940 жылы ата-анасымен бірге Башқұртстаннан Қазақстанға көшіп келген. Ақмола өңіріне келген соң, бір жылдан кейін анасы қайтыс болып, әкесі майданға шақырылады. Елдің басына төнген қасіретті бірдей көтерген артында қалған ұлдары жасынан еңбекке араласады. Минмұхамет Ақмола стансасына жұмысқа тұрып, вагон қарушысы, бұрма бағыттаушысы және пойыз құрастырушысының көмекшісі, жылдар өте келе басшысы болып, 40 жыл шойын жолда жұмыс істейді. Өзінен тараған 7 баланың – Рефхат, Рашит, Раис, Рамиль, Ренат, Сәния, Гүлфия – 6-уының қызметі темір жолмен байланысты болды. Ұлдарының үлкені Рефхат 20 жылдан астам Целиноград стансасында пойыз құрастырушысы болды. Раис сұрыптаушы-оператор бола жүріп, «Новоишимская» стансасының бастығы, «Қырқыншы» станса бастығының орынбасары қызметін атқарды. Рамиль – Екібастұз стансасының бастығы, Ал Ринат болса пойыз құрастырушыдан Ақмола стансасы жедел жұмыстарының басшысына дейін көтерілді. Минмұхаметтің қыздары Сәния, Гүлфия да темір жолда қызмет етті.

Минмұхаметтің немерелерінің ішінде ата кәсіпті жалғастырған Наиль болды. Ол 9-сыныпты бітіргеннен кейін Ақмола темір жол транспорты техникумының «жолаушылар пойызының жолсерігі» мамандығын таңдайды.

– Бұл жолды өзім таңдадым. Әкем ешқашан менің пікіріме, таңдауыма қарсы шығып көрген емес. Меніңше, темір жол – біздің қанымызға сіңген кәсіп. Кішкентай кезімде әкем жұмысына жиі алып баратын. Әлі есімде, көргенімнен, алған әсерімнен қатты толқып оралатынмын. Осының да ықпалы болар, кәсіби теміржолшы болуды таңдағаным сондықтан, – дейді Наиль Раисов.

Әскер қатарынан оралған соң, Наиль Астана стансасында пойыз құрастырушы болып қызмет етеді. Наильдің әкесі Раис Минмұхаметұлы: «Темір жол саласының мамандары әр кез қажет. Өйткені темір жолды ешкім басқа көлікке ауыстыра алмайды. Ол ешқашан жоғалмайды, темір жол – өмір сүріп, еңбектенуге жол ашатын тура жол» деген еді. Наильдің тағдыры тағы да теміржолшылардың әулетімен тоғысады. Қалап алған жұбайы Галинаның әкесі – 30 жылдық еңбек өтілі бар «путеец». Галина Астанада СТЦ операторы болып жұмыс істеді. Енді Наиль өзінің ұлы Камильді шойын жолға алып шығып, жұмыс барысына жақын тәрбиелеп жүр. Егер ол әулеттің ортақ ісін жалғастырса, қарсы келмейтінін айтады.

– Әкем (Раис) сонау 1959-1960 жылдары Ақмола қаласында (Астана) ескі вокзалдан саябаққа дейін Жеңіс даңғылының бойымен 2-3 жолаушы вагоны бар паровоз жүретінін (ол кезде оны «Железнодорожник саябағы» деп атайтын), сол заманда қоғамдық көлік те болмағандықтан, жолаушыларды тасымалдайтынын жиі еске алады. Минмұхамет атам екеуі бір кездері вагонға емес, тепловоздың дәл өзіне мінген, өйткені инженер атамның досы болатын. Бұл сапар әкеме қатты әсер еткені сондай, міндетті түрде теміржолшы боламын және әкесінің жұмысын жалғастырамын деп шешіпті, – деп еске алады Наиль.

Наильдің әкесі Раис Сәлімгереевті әулеттен бөліп алып атайтын себебіміз бар. 1986 жылы Көкшетау-Новоишимская желісін электрлендіру жұмысы басталады. Раис Сәлімгереев сол кезде осы стансаның басшысы еді. Электр сымдарын тарту жолды тоқтатпастан жүргізілді. Соған қарамастан, құрылыс қарқыны екпінді-тін. Бұрқасын, боранда жұмысшылар жолдың бойында жүрді. Бұл бұрынғы тепловоздардың орнына жаңадан келген электровоздардың алғашқы легі еді. Жаңа жұмыс орындары, жаңа адамдар, электр саласының мамандары қажет еді. Сонымен, алғашқы электровоз сол жылдың 31 желтоқсанында іске қосылып, Раис Сәлімгереев қарамағындағы жұмысшылармен бірге қос қуанышты қатар қарсы алады. Әрлі-берлі жүйткіген пойыздардың өз уақытында шығып, дер кезінде келуінде күн-түн демей, жол бойындағы қозғалысты баққан мыңдаған адамның құрыш қолдарының табы бар. Жұмыстың ауыр әрі қауырт болғанын осыдан-ақ елестете беріңіздер.

Әулетінің тарихын айтып, ескі газет қиындыларымен, көне суреттермен таныстырған Анфиса Раисқызы Сәлімгереева да осы әулеттің өкілі. Ол «Вагонсервис» АҚ Ақмола филиалында жұмыс істейді. Оның акционері – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ол, өз кезегінде, «ҚТЖ» ҰК АҚ акционері.

– Осы салада 17 жылдан бері жұмыс істеймін, ешқашан жұмысымды ауыстырмаймын және өз ісіме адалмын. Бүгінде заң бөлімін басқарамын, басты міндетім – компанияның құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Сот ісін жүргізуге қатысу тек кәсіби міндет емес, бұл – төзімділікті, табандылықты, заңды терең білуді талап ететін өмірлік жұмыс. Әрбір сот ісі дау туғызады, заң мен әділдікті қалпына келтіруге болатынын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мен үшін дауларды жеңу ғана емес, сонымен қатар заң үстемдігінің негізінде жатқан құндылықтарды сақтау маңызды, – деді Анфиса.

Оның екі немерелес сіңлісі де осы салада: Эльмира Сәлімгереева Екібастұзда станса диспетчері, ал Диляра Шоман Павлодарда ҚТЖ компаниясының серіктес кәсіпорнында қызмет етеді.

Әулеттің үшінші буыны «Қазақстан темір жолымен» бірге өсіп, шыңдалып келеді. Бір кездері атасының көзін көрген, әкесіне шәкірт болғандар кездескен жерде алдымен осы әулеттің ұрпағына сәлем береді. Ыстық сезіммен аға буынды еске алып, әрқашан жұмысшы мамандығының мәртебесі биік екенін дәлелдеп жүреді. Әулеттің еңбек бақыты деген осы болар!

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button