Әлеумет

Кәріз жүйесінің жаңашыл маманы

Елорда құрылысының қарқыны артқан сайын бас қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – маңызды міндет. Соның ішінде кәріз жүйесін салу, қолданыстағы осындай желілердің жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету – алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі.

Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай қала тұрғындарының саны шамамен 2 млн 275 мың адамға жетеді деген болжам бар. Бұл шаруашылық-тұрмыстық ағынды судың едәуір артуына және қосымша тазарту құрылыстарын салу қажеттігіне алып келеді. Тиісті жұмыстар осы күндері жүргізіліп жатыр. Бұған қарапайым жұмысшылардан бастап көптеген маман атсалысып отыр. Соның бірі – «Астана су арнасы» кәсіпорнының кәріз жүйелері қызметінің шебері Медет Алданов.

Медет Айтмағанбетұлының осы салаға келгеніне 15 жылға жуықтады. Яғни тәжірибесі жеткілікті. Шахтинск технология колледжін, кейіннен Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін тәмамдады. Елордаға Қарағанды облысынан көшіп келген жылы «Астана Тазалық» ЖШС-ке бригадир болып жұмысқа орналасты. Білігін танытып, оператор, нөсер кәріздерін механикалық тазарту бойынша шебер, аға шебер ретінде қызметі сатылап өсті.

Кәріз жүйесімен тікелей айналысатын «Elorda Eco System» мемлекеттік кәсіпорны құрылғанда қызметі соған ауысты. Онда 5 жылдан астам жұмыс істеп, нөсер кәріздерін пайдалану желілерінің учаске бастығы қызметіне дейін көтерілді. Бұл қызметте міндетіне аталмыш учаске жұмысын ұйымдастыру мен осы жұмысқа бақылау жүргізу, соның ішінде жөндеу жұмыстарын жоспарлау мен өткізу, еңбекті қорғау ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, тиісті есепті әзірлеу, кәсіпорынға қарасты желілердің үздіксіз жұмысы үшін басқа қызметтер мен мердігерлермен байланыс ұстау кірді.

Медет өткен айдан бері «Астана су арнасы» кәсіпорнында еңбек етіп жатыр. Онда ауысқанда алдындағы қызметіндегі тәжірибесі ескерілді. Бұл күнде ол елорданың Нұра ауданындағы кәріз жүйелерінің жұмысына жауапты. Кейіпкеріміз қызметінде өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келе жатыр. Тікелей өзіне қатысты жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзіне де, басқаларға да талап қоя біледі. Еңбек тәртібін сақтауға келгенде де мәттақам. Заман бір орында тұрған жоқ, жаңа технологиялар келіп жатыр. Медет соларды өндіріске батыл енгізеді. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңашыл маман. Мәселе туындағанда, жағдайды сараптай біліп, тез шешім қабылдайды. Үлкен жұмыс тапсырылғанда тайынбай, адалынан орындайды. Жалпы алғанда, қолға алған істі аяқтамай тынбайды. Бұл – Медеттің әріптестерінің ауызынан естіген сөздеріміз.

Кәріз жүйелері маманының қызметі лайықты бағаланып келе жатыр. 2021 жылы Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Астана қаласы және елорда аудандары әкімдерінің алғыс хаттарын бірнеше мәрте алды.

Медет Айтмағанбетұлы – отбасында жақсы жар, ардақты әке. Өмірлік серігі Ардақпен бірге 3 ұлды өсіріп отыр. Үлкендері Адият биыл 11-сыныпта оқып жатыр. Одан кейінгі Аймұрат оқушы болса, кенжелері Ілияс – 5 жаста. Әкесі Айтмағанбеттен алған тәрбиедей, Медет те ұлдарын адал еңбекке баулуда. Соның ішінде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек етсең – емерсің» деген мақалдарды сөзбен ғана құлағына құймай, іспен де соны көрсетеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button