UncategorizedБілім

Еңбегі еленді

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың қаулысымен бір топ ұстаз білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алғандардың арасында «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің оқытушысы Гүлнар Әбдірайымова да бар.

Блімі де, білігі де, тәжірибесі де жеткілікті ұстаздың еңбегі лайықты бағаланды. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, кейіннен Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін аяқтады. Ізденісін жалғастырып, экономика ғылымдарының магистрі атанды. Ұстаздық еңбек өтіліне биыл – тура 30 жыл. Осы уақыт бойы бір оқу орнында тапжылмай, қызмет істеп келе жатыр. 1995 жылы «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжіне оқытушы болып қабылданып, күні бүгінге дейін осында абыройлы еңбек етуде.

Гүлнар Фазылкәрімқызының басты мақсаты – сабақтарында оқу үдерісіне студенттердің қызығушылығын оятып, әрі қарай да тиісті пәнге қызықтыру. Сол үшін ол түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Ұстаз бұл жұмысы арқылы білім беру сапасы көтерілетініне сенімді. Өзінің тәжірибесімен ашық сабақтарда бөлісіп, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, мұғалімдердің тамыз кеңестерінде баяндамаларды жасады. Ізденісін күшейту үшін біліктілік арттыру курстарына қатысып, кәсіпорындарда тағылымдамадан өтті, өзін-өзі үздіксіз жетілдірумен айналысты. Жаңа заман осыны талап ететінін түсінгендіктен, осындай қадамдарға барды. Тәжірибелі ұстаз қазіргі замандағы мұғалім көптеген қасиеттерге ие болу керек деп есептейді.

«ХХІ ғасыр мұғалімнен жан-жақтылықты талап етеді. Педагог жай ғана мамандық емес, мұғалім болып туу керек. Заманауи мұғалім өзінің атқарып жүрген ісін сүйіп қана қоймай, уақыты мен күшін аямай, бұған бар жандүние­сімен берілуі керек. Айналасындағы адамдарға өнеге көрсетіп, зиялылықтың, тәрбиеліктің үлгісі болғаны ләзім. Студенттер ғана емес, әріптестері ұстазға қарап, бой түзеулері тиіс. Мұғалім әр істе үнемі алдыңғы шепте жүріп, қоғамды өзінің соңынан ерте білуі қажет. Бүгінгі ұстаз туралы қоғамда әртүрлі пікір айтылады. Кейбіреулер мұғалім жаңа технологияларға ілессе болды деп есептейді. Біреулер ұстаздың бойынан көшбасшылық қабілетті көргісі келеді» дейді Гүлнар Әбдірайымова.

Студенттерге сабақ қана беріп қоймай, ғылыми жұмыстарға ден қойғызатын ұстаздың көптеген шәкірттері ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысып келе жатыр.

Гүлнар Фазылкәрімқызының өзі бұдан бұрын техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары ұстаздары арасындағы байқау­да арнайы пәндер бойынша үздік ұстаз атанды. «Үздік педагог – 2017» республикалық байқауында топ жарды. Ол – «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісінің иегері. Ерен еңбегі мен іркіліссіз ізденісінің арқасында кезекті табысына қол жеткізген оқытушы осылайша биіктерге самғап келеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button