Білім

Сексендегі мұғалімнің сабағы

Ұрпақтың тағдыры, елдің келешегі – ұстаздың қолында. Сондықтан халқымыз ұстазды әрқашан ардақтап, оған шексіз құрмет көрсеткен. Астана қаласының №4 мектеп-гимназиясының зейнеткері Дәмеш Өмірбекқызы – ұстаз деген атқа әбден лайық жандардың бірі. Ол – сексен жасқа келсе де, балаларға химия пәнінен сабақ беріп, әлі де шәкірт тәрбиелеп жүрген ардақты ұстаз.

Дәмеш Өмірбекқызы саналы ғұмырын мектеппен байланыстырып келеді. Оқушы кезінен білімге құштар болған ол, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң түлеп ұшқан мектебіне қайта оралып, химия пәнінен балаларға сабақ бере бастайды. Жылдар өтіп, талай ұрпақ түлеп ұшты, талай шәкірт ғылым жолына түсті, талайы ел басқарды, әр салада жетістікке жетті.

«Бала күнімде мұғалімге деген құрметім ерекше еді. Менің өмір жолымдағы ұстаздардың бәрі керемет болатын. 1950-1960 жылдары химия пәнінің мұғалімі жоқтың қасы еді. Зертханалық жұмыстарға қатты қызығатынмын. Химиялық реакциялардың әрбірінен ой тиюге тырыстым. Жүрегіммен мұғалім болуды шынайы қаладым. Осы мамандыққа ерекше құштар болып өстім» дейді Дәмеш Өмірбекқызы.

Сексеннің сеңгірінде жүрсе де, шәкірттердің әрбір сұрағына жауап беріп, жалықпай түсіндіретін қайрат пен сабыр қайдан келеді? Бұл – Дәмеш Өмірбекқызының жүрегіндегі сүйіспеншіліктің, мамандығына деген адалдығының арқасы.

Ұстаздың әр сабағы тек қана химияның формуласы мен реак­циясын түсіндіру емес, ол өмірді танудың, еңбектің қадірін білудің, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің мектебі болды.

Зейнетке шыққаннан кейін де ұстаз үйде қарап отырмай, қайтадан мектепке оралды. «Мектеп – менің екінші үйім, балалар – жүрегімнің қуанышы» дейді өзі. Шынында да, жас шәкірттердің күлкісі, білімге деген құштарлығы ұстаздың жүрегін жасартып келеді.

Мектеп директоры Айгүл Есенқызы «Балалардың ұстазының ұстазы шәкірттерге білім беруі – біз үшін үлкен мәртебе. Яғни, ұстаздардың ұстазы мектебімізде тәлім беріп жүр. Дәмеш мұғалім ортамызға жиі келеді. №4 мектепте 55 жыл еңбек өтілі бар. Ұлағатты ұстазымыз келгенде құшағымыз да, есігіміз де айқара ашық» дейді.

Мектеп ұжымы Дәмеш Өмірбекқызын «біздің тірегіміз – даналық қазынамыз» деп бағалайды. Жас мамандар одан ақыл сұрап, тәжірибесін үйренеді. Ал ата- аналар мен оқушылар ұстазды ардақтап, мақтаныш тұтады. Өйткені ол – өз мектебінен жырақ кетпей, дәл өзі білім алған қара шаңырақта елдің болашағы үшін аянбай еңбек еткен адал жан. Ұстаздың еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері», Халық ағарту ісінің Құрметті қызметкері белгісін, Ыбырай Алтынсарин медальдарын кеудесіне тағып, ҚР құрметті азаматы атағын алды.

Ұстаздық – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін қасиетті жол. Ал туған мектебінде елу бес жыл бойы жас ұрпаққа білім беріп, әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп жүрген сексен жастағы ұлағатты ұстаз – халқымыздың мақтанышы, ұрпаққа шамшырақ. Оның ғұмыры – өнегелі, еңбегі – мәңгілік.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button