Батыр атында фабрика болып еді..

1940 жылдың 1 қаңтарында Ақмола облыстық өнеркәсіп одағы ұйымдастыру бюросының шешімімен жаңа «Швейник» артелі құрылды. Сөйтіп, Мәншүк Мәметова атындағы тігін фабрикасының қалыптасуы соғыс жылдарымен сәйкес келді.
Артель Қызыл Армия жауынгерлері үшін әскери киім тігумен айналысты. Соғыс кезінде ұжым жыл сайын жоспарды артығымен орындауға және жау толық талқандалғанға дейін демалыссыз – күніне 12 сағаттан жұмыс істеуге міндетті еді. Жоғары сапалы өнім шығара отырып, әсіресе әскери тапсырыстарды орындауда үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. 1944 жылдың 9 наурызында қазақ халқының даңқты қызының құрметіне «Швейник» артелінің ұжымы артельге оның есімін беру туралы митинг өткізді. 1944 жылғы 9 наурызда Ақмола қалалық еңбекші депутаттар кеңесінің атқарушы комитеті «Швейник» артелін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімімен қайта атау туралы шешім қабылдады. 1964 жылдан бастап фабрика балаларға жүннен жасалған көйлектер мен мектеп формасын шығаруға машықтанды. Жылына 40 киім үлгісі шығарылды. Өндіріс қалдықсыз болды, ал 90-жылдардың басында зауыт компьютер технологиялары мен процессор схемаларын қолданды. Бейбітшілік көшесіндегі бас ғимараттан бөлек, зауыттың екі филиалы болды: Абай даңғылындағы екі қабатты ғимарат (Ленин көшесі) және бұрынғы Вишневский ауданындағы (Аршалы) Анар ауылы. Бүгінде фабрика жұмысын тоқтатқан, оның ғимаратында әртүрлі ұйымдардың 40-тан астам кеңсесі орналасқан.
Ғазиза ИСАХАН