Құқық

Асқанға – тосқан

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде «Сергек» арқылы келген айыппұлды өшіріп беремін» деп ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Бұл – таза алаяқтық. Өйткені көшедегі камералар жол ережесін бұзған жүргізушіні автоматты түрде тіркеп, айыппұлды ресми базаға енгізеді. Мұндай деректерді ешкім «өшіру» мүмкіндігіне ие емес. Дегенмен, қызметтік бабын пайдаланып, сондай әрекетке барған полиция қызметкеріне қатысты жуырда сот шешімі шықты. 

Шамамен бір ай бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған» Айдана Қалыбайды кінәлі деп тауып, мемлекеттік қыз­метте лауазым иелену құқынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығын айырды. Сот оның жалғызбасты ана екенін ескеріп, жазасын өтеу мерзімін 2029 жылдың 23 тамызына дейін шегерді. «Егер сотталушы тәрбиелеуден бас тартса, ата-­аналық міндеттерін орындаудан жалтарса, сондай-ақ қадағалау органының екі жазбаша ескертуіндегі қоғамдық тәртіпті бұзса, сот осы органның ұсынысы бойынша жазасын өтеуге жіберуге құқылы» деп мәлімдеген болатын сот.

Айта кетейік, Айдана Қалыбай туралы пандемия кезінде 24KZ арнасы тәп-тәуір репортаж берген екен. Онда Айдана өзінің  ішкі істер саласына 2013 жылы келгенін, өз еңбегімен капитан дәрежесіне дейін көтерілгенін әрі әкесі де осы салада ұзақ уақыт еңбек еткенін мақтанышпен  айтып берген. «Алдағы уақытта тек еліме адал қызмет еткім келеді. Бәріне өз еңбегіммен көтерілгім келеді» деген Айдананың органдағы қызметтік жолы, өкінішке қарай, ерте аяқталды.

«Айдана Қалыбай Астана қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция бөлімінде жол ережесін бұзған адамдарға айыппұл салып, айыппұлды «шеше алатын» қызметте отырған. Ол Астанада көлікті жалға берумен айналысатын бизнесмен жігіттермен аралас-құралас болып жүрген. Сол компанияның көліктері «Сергек» камералары арқылы миллиондап айыппұл алған екен. Компаниядағы менеджер жігіт Айдана Қалыбайға көліктердің айыппұлдары туралы ақпарат берген. Ол жігітке «жан» деп хат жазған Айдана Қалыбай әлгі айыппұлдарды қарапайым азаматтардың атына аударып отырған» деп жазады журналист Козачков.

Ал соттың мәліметіне сүйенсек, Айдана ісінде 10 адам жәбірленуші деп танылған. Ол мемлекетке 3 681 874 (үш миллион алты жүз сексен бір мың сегіз жүз жетпіс төрт) теңге көлемінде ірі залал келтірген. Үкімге сәйкес, Айдана Қалыбайдан мемлекет кірісіне 408 928 (төрт жүз сегіз мың тоғыз жүз жиырма сегіз) теңге көлемінде іс жүргізу шығындары өндірілді.

Жалпы, айыппұлды алып тастауға уәде еткен кез келген адам – заңсыз әрекетке барушы алаяқ.

Айыппұл тек мына жағдайда ғана жойылуы мүмкін:

  • егер ол қате рәсімделген болса (нөмірді дұрыс оқымау, көлік басқа адамға тіркелген болуы және т.б.);
  • жүргізуші сот немесе әкімшілік полицияға шағым түсіріп, кінәсіздігін дәлелдесе.

Ал қалған жағдайда кез келген азамат айыппұлды заң бойынша төлеу қажет. Елордалық полицейлер азаматтарды алаяқтарға сенбеуге шақырады. Егер сізден «айыппұлды өшіріп беремін» деп ақша талап етсе, дереу құқық қорғау органдарына хабарласқан дұрыс.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button