Басты ақпаратРуханият

Атақты қобызшы неге аталмайды?

Эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетова елге танытқан әннің сөзімен айтқанда, «Қорқыт баба­мыздан қалған» киелі қобыз аспабының ғасырлар қойнауында шаң басып жатпай, біздің заманға аман-есен жетуіне, бүгінгі өрістеуіне үлкен үлес қосқан адамдар қатарында Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев есімдерін атаймыз. Атақты қобызшылар өткен ғасырдың 60-70-жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) қобыз сыныбының негізін қалап, бірінен кейін бірі сабақ берді. Осылайша өздерінің ізін басқан шәкірттерді дайындап, қобыздың ел ішінде ғана қалып қоймай, академиялық, кәсіби деңгейге жетуіне ерен еңбек сіңірді.

Қазақ үшін қымбат қобыз аспабының көктегі құстай еркін қалықтауына жағдай жасаған осындай азаматтардың аттарын елдің есінде мәңгі қалдыру ісі қай деңгейде? Бұл мақалада осы мәселені қозғамақпыз. Жаппас Қаламбаев туралы әңгіме кейінірек айтыла жатар, бұл жолы Дәулет Мықтыбаевтың өмірі мен өнеріне тоқталамыз. Оған себеп те бар. Жуыр­да Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы Дәулет Мықтыбаевтың 120 жылдығына арналған «Қобызшылар шеруі» атты дәстүрлі өнер кешін ұсынды. Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімдігі мен Сәкен Сейфуллин атындағы қоғамдық қордың қолдауымен өткен кешке Астанадағы, Алматы мен Қарағанды қалаларындағы танымал қобызшылар жиналып, ұлттық музыка өнерінің інжу-маржанын дәріптеп, мәдени мұрамыздың рухани тереңдігін паш етті. Шындығын айтқанда, Дәулет Мықтыбаевтың мерейто­йына орай елордада қобыз фестивалін немесе қобызшылар байқауын өткізуге болар еді…

Басылымымызда осыдан ши­рек ғасырдай бұрын «Қобызшы Дәулет Мықтыбаев» атты мақала («Астана ақшамы», 2001 жыл, 6 ақпан, №16 (861) жарық көрді. Сонда авторы Сағат Ошақбаев «…Арқа төсі өнер саңлақтарынан кенде болып көрген емес. Дала құшағын әуелеген ән мен күмбірлеген күйге бөлеген Мәди, Балуан Шолақ, Ақан сері, Ықылас секілді табиғи дарындар ұлттық өнеріміздің қорына асыл мұраларын қалдырды. Өнер құдіретімен ғана тыныстаған Дәулет Мықтыбаев – сол асылдардың өлшеусіз өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші ғажа­йып өнер иесі. Өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғында, қобыз өнері кенжелеп қалған тұста Дәулет сияқты тума таланттар киелі өнердің мүлдем өшіп кетпеуіне бірден-бір себепші болғаны айдан анық… Осы орайда халық өнерін насихаттауда ерекше еңбек сіңірген атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың атымен бір көше аталса, нұр үстіне нұр болар еді… Дәулет Мықтыбаев атындағы қобызшылар конкурсы ұйымдастырылса, Астана мәдениеті тағы бір қырынан гүлдене түсері сөзсіз» деп жазды. Өкініштісі, бұл сөз сол уақытта еленбеді. Мақала авторының ұсыныстары әлі де өзекті, елордада Дәулет Мықтыбаевтың атына көше күні бүгінге дейін берілмеді.

Қобызшы ұстаздың ұлттық өнердің қанат жаюына қосқан үлесі өз алдына, ол – осы Ақмола өңірінің тумасы. Қорғалжын жеріне кіндік қаны тамған өрелі өнерпаз қобызға бала кезінен құмар болды. Соны байқаған әкесі Әупік әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының бел баласы Түсіпті үйіне қона жатқызып, Дәулетті қобыз тартуға үйреткізеді. Екі айға жуық уақытта Дәулет қобызды еркін меңгереді. Бұл жайында белгілі күйші, музыка зерттеушісі Уәли Бекенов өзінің «Күй табиғаты» атты кітабында жазып кетті. Сонда Дәулет Ықыластың «Кер толғау», «Тоғыз тарау», «Қорқыт» күйлерін, кейінірек Ықыластың шәкірті Әбікей Тоқтамысұлынан дәріс алып, «Ерден» күйін үйренеді.

Дәулет Мықтыбаев 1933 жылы Қарағанды облыстық радиокомитетінде еңбек етті. 1937 жылы Қарағанды филармониясына ауысты. Осы жерден Алматыға шақырылды. Қазақ филармониясына қызметке қабылданды. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында өнерімен жауынгерлерге рух берді. «Қазақконцерт» ұйымы құрылғанда жеке қобызшы болды. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында қобыз сыныбын оқу орнының сол кездегі ректоры, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев ашқан еді. Оқытушылыққа алдымен Жаппас Қаламбаевты, ол өмірден өткен соң Дәулет Мықтыбаевты шақырды. Қаламбаевтан қалған 6 студентті Дәулет Әупікұлы оқытып шығарды. Сол шәкірттерінің бірі – белгілі қобызшы, ұстаз Базархан Қосбасаров.

«Дәулет Мықтыбаевтың бо­йында қазақтың ғасырлар бойы қобыз тарту дәстүрі кәсіби түрде қалыптасқан. Ол қазақ өнері тарихынан үлкен орын алып, ұлы дәстүрді біздің заманымыз­ға өзгертпей жеткізіп, қобызды өзінен кейінгі ұрпаққа табыстап кетті» дейді Базархан Әбуұлы.

Дәулет Мықтыбаев қазақ кино өнерінде де айшықты ізін қалдырды. «Құлагер» фильмінде бақсы бейнесін сомдаса, «Қыз Жібекте» Нұрғиса Тілендиевпен қосылып, Ықыластың «Аққу» күйін орындап, аспандағы құс­ты көлге қондырды. Бүгінде Қазақ радиосы мен «Қазақстан» телеарнасының «Алтын қорында» оның орындауында күйлер сақтаулы.

Бүгінде Жаппас Қалам­баев пен Дәулет Мықтыбаевтан қал­­ған өнерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рау­шан Оразбай, Жанқаш Жұмабеков, Саян Ақмолда, Жанар Жүсіпова сынды белгілі қобызшылар, Ақерке Тәжібаева секілді жастар жалғастырып жатыр. Олардың бәрі де «Қазақконцерттің» «Қобызшылар шеруі» концертіне қатысты. Елордадағы «Күйшілер» аллеясында қазақ халқының күйшілері мен композиторларының есімі қашалған белгітас бар. Оған Дәулет Мықтыбаевтың да аты жазылған. Енді қобызшының атына бас қаладан көше берілгені дұрыс. Елордадағы музыка мектебі немесе өнер мектептерінің біріне есімі берілсе де артық емес. Қазақ атамыз «Тыңдалмаған сөз жетім» дейді. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы әріптес ағамыз Сағат Ошақ­баевтың және біздің осы сөзіміз жетім қалмайды деп сенеміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button