Қарттар күніне орай зейнеткерлер арасында ұлттық ойындардан турнир өтті

Астана қаласының Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қарттар күніне арналған асық ату мен тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарысқа ауданның зейнеткерлері мен ардагерлері қатысты. Асық ату ойынында 12 қатысушы бақ сынады.
Олардың барлығы ептілігін, зейінділігін және қызығушылығын көрсетті.
Ерлер арасында бірінші орынды Ғалым Белденов иеленсе, әйелдер арасында Айгүл Отарғалиева үздік атанды. Екінші орын Жақсыбай Ызғалиев пен Нарзанкүл Баймұқышеваға бұйырды, үшінші орын Тұрсын Исмайылов пен Бақыт Оғызбаеваға берілді.
Интеллектуалды ойын тоғызқұмалақта 10 адам күш сынасты. Бұл ойында Роза Дүкесова жеңімпаз атанды.
Екінші орынға Қуандық Дүкесов, үшінші орынға Құралай Нұрмағанова ие болды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Бақыт Төлеубаеваның айтуынша, мұндай турнирлер Алматы ауданында тоқсан сайын өткізіледі.
«Ұлттық ойындарды сақтау және дәріптеу маңызды. Бұл жай ғана жарыс емес – бұл ұрпақтар арасындағы байланыс, мәдениетке деген құрмет және жастарды ынталандырудың бір жолы», – деді ол.