Әлеумет

Қарттарым – асыл қазынам

Асылы, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан қасиет-салтымыз. «Қарты бар ел – қазыналы ел» демеуші ме еді халқымыз?! Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер қариялар ұрпақтарына игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емес. Ардақты аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің, тәлім-тағылымының орны бөлек, еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен еңбегі ұшан-теңіз.

«Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бар. Қарттар сабырлы, қарапайым қасиетімен жастарды мейірімді, еңбексүйгіш, абыройлы һәм Отанға, отбасына адал болуға тәрбиелейді. Осындай қадірлі жандар Астана қаласының Ардагерлер кеңесіне тіркеліп, белсенді өмір сүруде. Ардагерлер кеңесінің мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелеріне назар аудару, ылғи қамқор болу.

Маңызды іс-шараларды жүзеге асыруда қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлының сіңіріп отырған еңбегі орасан зор. Сансызбай Сейітжанұлы – қоғам қайраткері, Астана қаласының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты. Есімі Есіл өңіріне жақсы таныс. Ол – саналы ғұмырын туған өлкесін өркендетуге күш салып жүрген азамат. Кезінде мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, бірнеше орденмен марапатталған. Осындай ардақты азамат көп жылдан бері қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы да. Бұл қызметіндегі сапалы басшылығының арқасында бүкіл аудандағы ардагерлер кеңесінің басшыларымен қоян-қолтық жұмыс атқарып, өресі биік шараларды жүзеге асыруда.

Жыл сайын Халықаралық қарттар күнінде құзырлы органдар қарттарды құттықтап, түрлі форматта мерекелік шаралар ұйымдастырып келеді. Қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін құттықтап, марапаттайды.

Астана қаласының Алматы ау­данында тұратын 102 жастағы Рзағұл Байкешев ақсақалды жылда көпшілік құттықтайды. Ол кісі тұратын аула – нағыз мерекенің ортасы, оркестр музыка ойнап, шағын парад өткізеді. Мұны тамашалаған жас ұрпақ үлкенді қастерлеуге, еліне қосқан үлесін бағалау­ға тәрбиеленеді. Ардагерлер кеңесінің тарапынан мұндай құрметке Ұлы Жеңістің майдангері – 99 жастағы Василий Сердюков, тыл ардагері – 91 жастағы Бапи Әшімов, Зоя Григорьевна, Евгений Галюк және басқалары да ие болуда.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде астаналық ардагерлер жыл сайын «Алжир» мемориалды музей кешеніне барып, қуғынға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің рухына тағзым етеді. Музейді аралаған жас ұрпақ сол замандағы халқымыздың көрген азабы мен қиянатын сезініп, ардақты бабалардың әруағын қастерлейді деген сенім мол.

«Ұрпақтар сабақтастығы» жо­басы аясында тыл ардагерлері мен еңбек ардагерлерінің жас мамандармен кездесуі көңілге қуат бітіреді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қалалық ардагерлер ұйымдарының белсенділері «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС қызметкерлерімен жүздесті. Заманауи броньды машиналарды шығару бойынша Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кәсіпорынның бас директоры Ербол Салимов елордалық ардагерлерді құрметтеп, экскурсия ұйымдастырып, ақ батасын алды.

Зейнетке шыққандарға Бел­­­сенді ұзақ өмір сүру орталықтары әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп, Ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Егде тартқан шағында үйде қол қусырып отырмай, әлі де қоғамға пайдасын тигізейін деген зейнеткерлер осында тіркеліп, бос уақытын тиімді өткізіп жүр. Мәселен, «Ұрпаққа аманат» клубының мүшелері мектептерде, колледждерде жиі-жиі кездесулер өткізіп, жас буынға ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұрпақтар сабақ­тастығын арттырып келеді. Ал шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысатын қарттар түрлі аспапты меңгеріп, сахнаға шығып ән шырқап, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауда. Мысалы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында өткен «Ардагерлер көктемі» концертінде «Есіл толқындары» халық ансамблі, «Ветераны» қалалық хоры, «Арқа әуендері» халық ан­самблі, «Шырқа, гитара» клубы, «Дайдидау» этно-тобы, вокалды топтар: «Сарыарқа», «Гүлдер», «Тамаша әжелер» және жеке орындаушылар Төребек Әбдіразақ, Жақсылық Тұрғанбекова, Ильяс Қалин тамаша өнерімен көпшілікті тамсандырды. Астана жұртшылығына танылып жүрген «Елорда» халық хоры, «Әдемі» вокал тобы, «Березка» хор ансамблі және басқа да өнер ұжымдары тұрақты түрде жұмыс істейді.

Ардагерлер кеңесі күнделікті жұмыс барысында өтініш білдірген зейнеткерлердің қандай да бір мәселелерін шешуге тырысып, заңнамамен бекітілген жеңілдіктердің орындалуын бақылайды. Кеңес жанынан құрылған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері жалғызбасты және жағдайы төмен зейнеткерлерге үлкен қамқорлық жасауда. Таяуда қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтің ұсынысымен, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафиннің тікелей қолдауымен «Жігер-2» бастауыш ұйымында семинар өтті. Онда ардагерлер кеңесінің жанындағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі комиссиялардың жұмысы жан-жақты талқыланды. Осы орайда қос басшының, қоғам қайраткерлерінің көрегендігі айқын көрінді.

Көпті көрген асыл қарттары­мыз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына сүйеу, жұртына қамқор боп, жүздерінен қуаныш пен күлкі кетпей, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, аман-сау жүрсін дейміз!

Баянды ӘЛПИ,

Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button