Басты ақпаратҚоғам

«Шарапат» шуағы

БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми бекітуімен 1991 жылдан бері 1 қазанда Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Осыған орай, Астанада елордадағы жалғызбасты немесе қамқорлыққа зәру қарттарды қабылдайтын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.

Елорданың Көк­тал тұрғын алабында орналасқан «Шарапат» орталығына сағат 14:00 мен 16:00 аралығындағы «Тыныштық уақыты» кезінде барғандықтан, ғимараттың іші-сыртынан кіріп-шыққан адам қарасы көрінбеді. Бізді қарсы алған орталық директорының орынбасары Сәуле Қайырова 36 жылдық тарихы бар мекеменің бүгінгі өмірін баяндап, ішін аралатып көрсетті. Оның айтуынша, «Ата-анасын қартайғанда бақпай, осында әкеліп, тас­тап кетті» деген бұрынғы қасаң түсінік қазір жоқ, себебі қазір зейнетке шыққан қарттар әртүрлі әлеуметтік және өміріндегі жағдайына қарай мұнда өз еркімен, өз аяғымен келеді. Оған орталықта 8 түрлі бағытта көрсетілетін қызметтер, ішкі көңіл күй және ғимараттағы басқа да жайлы жағдай оң әсерін беруде. Бір айта кетерлігі, мұнда осындай қарттармен қатар 18 жастан жоғары І және ІІ топтағы мүгедектер те қабылданады. Қазір барлығы 344 адам орталықты мекен етуде. Олардың 211-і – зейнет жасындағы, басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғызбасты қарттар, қалғаны – мүгедектігі бар жандар.

– Мекеме 1989 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ашылғанмен, қазіргі таңда жалғызбасты қарияларға ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қамқорлық көрсетуде. 4,8 гектар аумақта орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығы инфрақұрылымы дамыған кішкентай қала десе болады. Қазіргі заманға сай жөнделген ғимарат 4 тұрғын блоктан тұрады. Әкімшілік блок, асхана, кір жуатын бөлме, монша, бассейн, діни рәсімдер үйі, жеке қазандық, автогаражы, жылыжайы, стадионы, тренажер аймағы, физио емдеу, гидро­массаж ванна­сы, кино залы, тұзды шахтасы бар. Барлық қажетті жиһазы мен тұрмыс­тық электр техникасы алынған жайлы бөлмелердің арқасында олар өздерін өз үйінде сияқты сезінеді. Әр бөлмеде әжетхана, душ, теледидар, тоңазытқыш және тұрмысқа қажетті бүкіл ұсақ-түйек бар. Тірек-қозғалыс жүйесінің қызметі бұзылған жандарға лифт пен пандус қарастырылған. Күніне 5 мезгіл тамақ ішеді. Жалпы қарттар мұнда емін-еркін өмір сүреді, – дейді ­С.Қайырова.

Осы қызметтерді көрсету үшін орталықта 302 адам еңбек етеді. Әр әлеуметтік қыз­меткерге 50 адамнан бөлінген, олар сынып жетекшісі сияқ­ты қарттарды бағыттап, мінез-­құлқын бақылап, жағдайын ­қарап ­отырады.

– Олардың ішінде психологтар, тазалықшылар, дәрігерлер, медбикелер, нұсқаушылар, мәдени іс-шараларды ұйымдас­тырушылар және басқа да мамандар бар. Бұл жер бір құдды «Ересектерге арналған балабақша» іспетті, бірақ балабақшадан айыр­масы мұнда олар үнемі тұрады. Мұндағы өмір қызықты, күн сайын бір іс-шара өтіп жатады. Жыл бойы қандай мереке болады, соның бәрін атап өтеміз, мысалы, жуырда «Күзгі балл» өтті. Арасында бұрынғы мұғалімдер, құрылысшылар, теміржолшылар болғандықтан, осы және басқа да мамандықтар бойынша мереке күндерін қалдырмаймыз. Үлкен акт залында ауқымды бағдарламалар өтеді. Оған қоса, түрлі мәдени мекемелер бізге келіп концерт береді, өздеріне, театрларға тегін билет беріп, шақырады, – дейді орталық өкілі.

Мұнда түрлі тағдыр иесі өмір сүреді. Бірі өмір бойы жұмыс істеп, отбасын құрмай қалған болса, бірі ертеректе ажырасып, балаларымен мүлдем араласпай кеткен, бірі денсаулығына байланысты үйінде қарайтын адам болмай өздері келген. Мұнда өмірінің соңына дейін қалатындар да бар, 2-3 жылдан ке­йін шығып кететіндер де кездеседі. Ең көбі қазір 31 жылдан бері тұрып жатыр. Орталықта жылына 30-40 адам қайтыс болады, 45-50 адам шығып кетеді. Шығып кететіндердің бірқатары өз еркімен болса, бірі осы жерден жұбын тауып, неке құрып, бөлек тұра бастайды, ал тағы біразы орталықтың ішкі тәртібіне бағынбай шығады.

1-блокта өзі жүріп тұратын, өзіне қарай алатындар тұрса, 2-блокта инсульт алған, қауіпті дерті анықталғандар тұрады. 3-блокта таяқпен, ходунокпен жүретіндер өмір сүрсе, 4-блокта орнынан тұра алмайтын, тек жататын қарттар мекендейді. Олардың бәріне күні-түні медбикелер мен тазалықшылар қызмет көрсетеді. Орталықтың ең кәрі тұрғыны – 100 жастағы Надежда әже. Ұлттық сипатына келгенде, көбі – қазақтар, 151 қазақ, 139 орыс, 10 татар, 16 украин, 26 өзге ұлттар өмір сүреді. Басым бөлігі – ер адамдар. Осында танысып, бір-бірін ұнатып, азаматтық некемен қосылатындар бар. Оларды өздерінің өтінішімен бір бөлмеге жатқызуға рұқсат етіледі. Мұнда қабылдау үшін ХҚКО мен Жұмыспен қамту басқармасы жолдама береді. Орталық сол жолдамамен ғана қабылдайды.

– Адам қартайғанда бала сияқты болатыны рас. Кейбір қарттар, мысалы, бұрын профессор болып, ғылыми жұмыс­тар қорғаған бір қария миға салмақ түскеннен болар, айналасын танымайды, қай кезеңде өмір сүріп жатқанын білмейді. Өзін әлі жұмыста жүрмін деп ойлайды. Ғылыми жұмыстар жаздым деп қағаз шимайлайды. Бір 60 жастағы ер адам инсульт алған соң сөйлемей қалады, содан ­әйелі ажырасып кетеді, туыс­тарының үйін жағалағанмен, олардың үйінде келіндері мен бала-шағасы қырын қарап, ша­йын сілкініп береді. Содан осы орталыққа келіп, мұндағы еркін өмірді көріп, бірден көшіп келуге шешім қабылдайды, – дейді Сәуле Қайырова.

Әр бөлмеге екі адамнан бөлу үшін әлеуметтік комиссия жұмыс істейді. Жасына, ұлтына, дініне, мінезіне қарай бір-бірімен тіл табысады-ау деген адамдар бірге бөлінеді. Мәселен, қорылдайтын адамдар болады, оны қасындағы көршісі жақтырмаса, мүмкіндігіне қарай құлағы естімейтін адамды қоюға тырысады. Кірі жуулы, төсегі жинаулы, тамағы да­йын, бөлмесі тазаланған қарттар бұл жерден кеткісі келмейді. Таңғы астан соң дәрігерлер нұсқауы­мен түрлі емдік шаралардан өтеді, сосын түске дейін тағы бір тіске басар жеп, ретіне қарай мерекелік іс-шараларға қатысады, түскі астан соң ұйықтап, 16:00-ден кейінгі уақытта кешке дейін өздерінің қалауымен түрлі машығын дамытумен ­айналысады.

– Бұл жерге Балқаштан келдім. Өмір бойы шахтада жұмысшы болдым. Әйеліммен баяғыда ажырасып кеткенмін, ол кезде балаларым 1-2 жаста еді. Қазір Ресейде тұрады деп естідім. Өмірімнің соңында жалғыз қалған соң зейнетке шыққан бойда осында келіп, 4 жылдан бері тұрамын. Биыл 69 жасқа келемін. Қасымдағы әйел – 75 жастағы мүгедектігі бар жан, екеуміз осында танысып, көңіліміз жарасқан соң азаматтық некемен бір бөлмеде тұрып жатырмыз, – дейді қарт Марат Жашкиев.

Қазақстанда қазіргі таңда 2 млн 503 мың зейнеткер тұрса, Астанадағы зейнеткерлер саны 100 мыңнан асады. «Дүние кезек» демекші, белі бүгіліп, таяқ ұстаған ақсақал мен ақ шашты әженің жасына, аман болса, бәрі де жетеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген түсінікпен ғасырлар бойы қариясын ақылгөй, кеңесшісі ретінде құрметтеп келген қазақ заман өзгерген сайын Қарттар үйіне үйір болып, өзін асырап баққан ата-анасын қартайғанда сонда апаруды әдетке айналдырған еді. Ал «Шарапаттағы» ахуал қазір ата-әжелердің өзінің таным-түсінігі өзгеріп, амалсыздықтан ба, әлде жаһандық үрдістің дүрмегімен бе, әйтеуір, Қарттар үйінде тұрудың бұрынғыдай қор еместігіне сенетінін көрсетті. Қалай десек те, олар өмірінің көбі кетіп, азы қалғанда жалғанда жалғыз қалмай, өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде толық сезінгісі келгеннен осындай орталықта өмір сүріп жатыр. Ләйім қарттарымыз аман-сау болсын!

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button