Қоғам

Астанада «TWO BRIDGES ENU» ашық модельдік кемелер жарысы өтті

Астана қаласында жас инженерлерге арналған «TWO BRIDGES ENU» атты ашық модельдік кемелер жарысы өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті, Республикалық қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығының және Қазақстанның кеме
үлгілеу спорты федерациясының қолдауымен өткізілген шарада 8 команда өзара бақ сынасты. Жарысқа Астана, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 10-17 жас аралығындағы 40 жас инженер қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Модельдік кемешілер өздерінің ерекше қолөнер туындысы – авторлық кемелерін суға түсіріп, бірнеше аталым бойынша шын мықтыны анықтады. Бұл бастама жас ұрпақтың инженерлік-техникалық білімін жетілдіріп, шығармашылық әлеуетін арттыруға әрі ерте жастан кәсіби бағдар алуына мүмкіндік береді.

“Бұл спортпен айналысып жүргеніме 15 жыл болды. Содан бері оқушыларыма кеме жасаудың қыр-сырын үйретіп келемін. Қазір техникаға аса мән беретін уақыт. Қашықтықтан басқаратын аппараттар қажеттілігі туып тұр. Осы мақсатта балаларды техникаға және техникалық мамандықтарға баулып жүрмін. Шәкірттерімді модельдік кемелер додасына жиі алып шығамын. Әр жарыста сан қырлы модельдерді көріп, тәжірибе жинақтаймыз. Оның барлығын тек қарап қоймай, іс жүзінде көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Барлығына сақадай сай болып, тас түйін дайындықпен келдік”-дейді БҚО Теректі ауданы балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы Манас Исмағұлұлы.

Алғашқы номинация ережесі бойынша су бетіне бірнеше кедергілер орнатылып, олардың арасынан қақтығыссыз өту керек болды. Екінші бағытта су бетінде жылдамдықпен жүріп, белгіленген уақыт ішінде бірнеше айналым жасап үлгеру. Одан кейінгі кезекте қайыққа байланған шарларды жарып, өз шарыңды сақтап жеңімпаз атану.

Жарыс қатысушысы Абдол Қайырбек Ерланұлы “Сайысқа алып келген модельді жасауға 2 жылға жуық уақыт кетті. Макеттің әрбір тетігі маңызды. Асқан ұқыптылық пен шеберлікті талап етеді. Қайық схемасындағы конструкциялардың байланысы мығым болуы шарт. Оны басқара білу — өнер. Біздің жұмысымыз қайықтарды су бетінде жай ғана қалқыту емес. Мұның барлығы химиялық, физикалық заңдылықтарға бағынады. Яғни, сабақпен де тығыз байланысты. Бұл спортпен айналысуымның сыры осында. Ұстазыммен біріге жасаған қайыққа “Эколог” деген атау бердік. Себебі, эколог атты әскери кеменің көшірмесі. Келешекте инженер болып, бұл салаға өз үлесімді қосуға бар күш-жігерімді жұмсаймын”-дейді.

Бүгінгі сайыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Қарағанды оьлысы, екінші орынды Батыс Қазақстан облысы иемденсе, тұғырдың үшінші сатысынан Қостанай облысының командасы көрінді. Оқушылардың қолынан шыққан тың өнертабыстар көпшілікті таңдай қақтырды. Бірінің кемесі қанатты құстай еркін қалықтап, су бетінде әсем қимылдаса, енді бірінің туындысы мысықтай ептілікпен кедергілерден сүрінбей өтті. Мұндай ұшқыр қиял мен ізденістің нәтижесі – балалардың батыл ойы мен еңбегінің жемісі. Бүгінгі шағын ғана бастама олардың болашақта үлкен жетістіктерге, тың ғылыми жаңалықтарға жол ашатыны сөзсіз. Шығармашылыққа құштарлық пен табандылықты ұштастырған бұл өрендер ертеңгі күннің нағыз өнертапқыштары атанары анық.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button