Басты ақпаратҚоғам

Сенатор журналистермен жүздесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай «Elorda Aqparat» ЖШС-ға қарасты «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» және «Elordainfo» сайтының ұжымымен кездесті.

Ең әуелі «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек кездесудің мән-маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауда айт­қан мәселелері өте өзекті екенін тілге тиек етіп, оның маңыздылығына тоқталды.

Ал Сенат депутаты Жолдауда айтылған дүние­лерді қалай іске асыруға болатындығы турасында ойымен бөлісті.

– Биылғы Жолдауда айтылған цифрландыру, жасанды интеллект тақырыбының бәрі де бізге жақын таныс. Оны журналистер қауымы өздерінің күнделікті жұмысында қолданып та жүр. Әсіресе ақпарат алу, аударма мәселелерінде оны сіздер жиі қолданасыздар. Әрине, ол сіздердің жұмыс тиімділіктеріңізді арттыруға жоғары мүмкіндік туғызып отыр. Бірақ жалған ақпарат тарату мәселелері де бар. Соған қарсы күрес жолдарын бірге ойлауымыз керек.

Дегенмен, цифрландыру барлық салада жүріп жатыр, БАҚ – сол жүйеге алғашқылардың бірі болып енген саланың бірі. Дейтұрғанмен, кедергілер де жоқ емес. Мысалы, медицина саласында цифрландыруға ішкі қарсылық байқалады, себебі ол ашық­тықты талап етеді. Ауыл шаруашылығы мен жер мәселесінде де қиындықтар бар. Бұл кедергілерді ашық айту қажет, ал журналистер осыны зерттеп, қоғамға жеткізе алады.

Жолдауда айтылған мәселелердің бірі – тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руашылығы жайында. Астанада халық саны өсіп жатқандықтан, су үнемдеу секілді мәселелерді заңнамалық тұрғыда шешу қажет. Халық тарапынан ұсыныстар да түсіп жатыр, мысалы, суды тиімді насостар арқылы үнемдеу керек деген сияқ­ты. Осындай ұсыныстарды журналистермен бірге зерттеп, заңға енгізу маңызды.

Сонымен қатар, мигранттар мәселесі де өзекті. Кейбір үйлердің техникалық қабаттарынан заңсыз пәтер жасалып, жалға берілуде. Бұл заңсыздық қарапайым тұрғындарға қиындық тудырып отыр. Мұндайда тек депутаттық сауал жеткіліксіз, қоғамдық пікірді күшейту қажет. Ол үшін журналис­тердің көмегі керек.

Жалпы Жолдауда айтылған тапсырмалар сөз жүзінде қалмай, нақты іске асуы үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Өйткені БАҚ – қоғамдағы көңіл күйді қалыптастыратын күш, – деді сенатор.

Ал өз кезегінде «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр сенатордың Жолдаудан туындаған келелі ұсыныс-пікірлеріне қолдау білдіріп, журналистер «Жаңа Қазақстанның жауын­герлері» екенін, Президентіміздің бастамаларын елге дер кезінде жеткізіп отырғанын атап өтті.

– Бастапқыда «Жасанды интеллект дәуірі» деген тақырып тым ерте сияқ­ты көрінген. Бірақ қазір оның өмірімізге еніп кеткенін байқап отыр­мыз. Әлемнің кейбір елдерінде министрлердің орнына да жасанды интеллект жүйелерін қолданып жатыр. Бізде де мемлекеттік сатып алу сияқты процестерде соны пайдалану қажет сияқты.

Сондай-ақ осы күнге дейін газетте жария­ланған мақалалардың қоғамға, тіпті президенттің шешімдеріне ықпал еткен жағдайлары болды. Мысалы, жарнамада Ірі лауазым иелерінің суретін қасақана заңсыз пайдалану мәселесін алғаш журналистер, оның ішінде біздің басылым да көтерген. Кейін ол арнайы заңға негіз болды. Осыдан-ақ жарияланған материалдардың маңызы көрінеді.

Елімізде Ақпараттық қауіпсіздік доктринасы қабылданды. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік үшін маңыз­ды қадам. Бірақ жыл сайын мемлекеттік басылымдарды жекешелендіру керек деген мәселе көтеріледі. Менің ойымша, облыстық, қалалық деңгейдегі газеттер мемлекет қарауында қалуы тиіс. Өйткені оларды біреу пайда үшін сатып ала қоймайды, ал сыртқы күштердің пайдаланып кетуі қауіпті. Сондықтан стратегиялық тұрғыда мұндай басылымдарды мемлекет ұстауы қажет, – деді бас редактор.

Сондай-ақ кездесу барысында сөз алған «Elorda Aqparat» ЖШС директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабек, өзге де журналистер қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, әсіресе балалар арасындағы буллинг, әлімжеттік пен жасөспірімдер қылмысының азаймай тұрғанын тілге тиек етті. Ал «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Қалиакбар Үсемхан жасанды интеллект базасына қазақ тілінің грамматикалық құрылымдарын, көне сөздік қорын, сондай-ақ көп мағыналы және омоним сөздерді енгізу тақырыбын көтерді. Оның айтуынша, бұл қадам бір жағынан, қазақ тілінің мүмкіндіктерін кеңінен танытуға, екінші жағынан, жасанды интеллект жүйелерінде қазақ тілінің сапалы әрі дұрыс қолданылуына жол ашады. Сондай-ақ тілші жасанды интеллект қазақ тілін тек аударма деңгейінде ғана емес, терең мағынасы мен мәдени құндылықтарын сақтай отырып пайдалана білуі керектігін атап өтті.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button