Бала басқарған заман туды ма?

Жуырда қонақтар жиналған шағын дастарқан басында «Үйде менің қызымның айтқаны – заң. Соның дегенімен жүреміз» деп жымиды орта жастан асқан кісі. «Біздің ұл да айтқанынан қайтпады. Ауылдағы үйді сатқызып, осында ертіп келді» деп қостай кетті тағы бірі.
Бұрындары әке – отбасының қожасы, шешім қабылдаушы, ал ана тәрбиенің қайнар көзі еді. Ал дәл қазіргі қоғамда «үлкеннің сөзі – заң» деген үрдіс ұмытылып бара жатқандай.
Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған дәуірінде кез келген баланың әлеуметтік желі мен интернет арқылы жаңа білімге, түрлі ойларға еркін қол жеткізіп жүргені жасырын емес. Соның салдарынан көп жағдайда балалар ата-анасының пікіріне қарсы шығып, кейде өздерінің қалауын жоғары қойып жатады. Тіпті, кейбір отбасыларда «баланың айтқаны орындалатын» құбылыс жиі байқалып жүр.
Балалар психологы Мөлдір Шәменқызының айтуынша, кешегі кеңестік кезеңдегі отбасыларда тәрбие қатаң болды. Үлкенге қарсы сөйлеу әбестік саналатын. Баланың орны белгілі еді, ол үлкенді тыңдап, еңбекке үйреніп өсті. Әрбір шешім – әкенің, әрбір мейірім – ананың қолында болатын.
«Бүгінгі балалардың мүмкіндігі мүлде бөлек. Заманауи білім көздері арқылы олар дүниетанымын ерте қалыптастыруда. Ақпаратты ата-анадан емес, интернеттен алып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыланған. Кейбір отбасыларда бала ата-анасын емес, ата-ана баласын тыңдайтын жағдайлар жиі кездеседі. Маман ретінде мұның бірнеше себебін айта аламын. Біріншіден, ақпараттың қолжетімділігі баланың пікірін батыл етуде. Оның үстіне, ата-ананың жұмысбастылығы балаға көңіл бөлуді азайтты. Үшіншіден, жаһандану мен шетелдік мәдениет ықпалы дәстүрлі құндылықтарды әлсіретіп жатқаны баршаға аян» дейді психолог.
Stanford университетінің зерттеуіне сүйенсек, кейбір жағдайларда ата-ананың тым бағыттаушы мінез-құлқы (overparenting) балалардың тәуелсіздігі мен әлеуметтік дағдыларына кері әсерін тигізеді екен. Яғни «әрқашан бақылау» да зиян келтіруі мүмкін. Бұл зерттеу тепе-теңдік қажет екенін айтады.
Жалпы, бұл үрдістің жақсы жағы да барын сарапшылар растап отыр. Өйткені баланың еркін ойлауы, пікірін ашық жеткізуі – оның тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Өз қалауын айтуға үйренген бала ертеңгі күні өз-өзіне сенімді азамат болып өседі. Сондай-ақ ата-анамен тең дәрежеде сөйлесу – отбасындағы сенімділікті күшейтеді-міс.
Ал әлеуметтанушы Досбол Қуандықовтың пікірінше, баланың шектен тыс еркіндігі тәртіптің әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Ата-анаға бағынбайтын, өзін ғана дұрыс санайтын бала ертеңгі күні қоғаммен тіл табысуда қиналады.
«Қазақы тәрбиенің алтын өзегі – үлкенді сыйлау. Бұл құндылық жойылса, ұрпақ сабақтастығы да үзілуі мүмкін. Баланың шектен тыс еркіндігі кейде тәртіпсіздікке алып келеді. Үлкенді сыйлау секілді дәстүрлі құндылықтар әлсірейді. Кейде бала өз қателігін дер кезінде түсінбей, ата-анасына қарсы шығуы мүмкін» деп санайды ол.
Ұзын сөздің қысқасы, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. «Баласы ата-анасын басқарған заманды» қоғамның дамуымен келген жаңа құбылыс деп қарауға болады. Бір жағынан, бұл демократия мен еркін ойдың көрінісі болса, екінші жағынан, дәстүрлі тәрбиенің әлсіреуін де көрсетеді. Артықшылығы да, қаупі де жоқ емес. Егер бала еркіндігін жауапкершілікпен ұштастырса, ал ата-ана мейірім мен тәртіпті қатар ұстай білсе ғана отбасындағы және қоғамдағы да үйлесім жарасар еді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ