Су – стратегиялық ресурс

– Менің ойымша, Жолдауда Мемлекет басшысының су мәселесіне ерекше назар аударуы өте орынды әрі уақытылы шешім болды. Су – еліміз үшін ең маңызды әрі стратегиялық ресурс.
Президенттің өзі де атап өткендей, «қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде». Сондай-ақ «суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ». Бұл жағдай экологиямызға ғана емес, сонымен бірге еліміздің экономикалық дамуына да кері әсерін тигізеді.
Жолдауда ұсынылған су саласындағы цифрлық жаңғыру, әсіресе су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру идеясы мен үшін аса маңызды болып көрінді. Президент: «су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес» деп атап өтті.
Шын мәнінде Жасанды интеллект негізінде құрылатын бұл платформа су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын бақылап, гидрогеологиялық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің су ресурстарын тиімді басқаруға және ұтымды пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар, президенттің сөзінен түйіндесек, су дипломатиясы саласында кәсіби мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені су – тек экологиялық емес, халықаралық маңызы бар мәселе. Осы бағытта нақты қадамдар жасау еліміздің тұрақты дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде үлкен үлес қосады.
Осылайша, Жолдауда айтылған ұсыныстар толық жүзеге асырылса, Қазақстан су ресурстарын тиімді басқарып, болашақ ұрпаққа таза әрі қолжетімді суды қамтамасыз ететін елге айналары сөзсіз.
Марат Мұстафин,
қоғам қайраткері, Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы