Келешек көшбасшыларды тәрбиелейтін алаң

Еліміздің экрандарына қайта оралған «Азамат» интеллектуалды жобасы жастардың серпінді ойы мен елдік мүддеге деген жауапкершілігін айқындайтын үлкен алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Хабар телеарнасының 30 жылдығына орай 15 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырған «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы жаңа форматта көрерменге жол тартқан болатын. Жобаның басты мақсаты – елдегі пікірсайыс мәдениетін дамытып, жастардың сыни ойлауын, шешендік қабілетін және азаматтық көзқарасын қалыптастыру.
Жақында өткен 1/16 кезеңінде еліміздің 100 жоғары оқу орнынан іріктелген, пікірсайыс клубтары белсенді жұмыс істейтін 32 университет бақ сынады. Қызықты тартыстардан кейін үздіктер іріктеліп, келесі айналымға жолдама алды. Енді пікірсайыс жалғасын тауып, 1/8 финал басталды. Маусымның жүлде қоры – 5 миллион теңге.
Алдыңғы кезеңдер нағыз бәсекелестікке толы болды. Мысалы академиялық үлгерімімен танылған бірқатар университет студенттері жарыстан тыс қалды. Атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматы технологиялық университеті, Семей медицина университеті, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және тағы басқалары бар.
«Азамат» – тек телевизиялық интеллектуалды жоба емес. Бұл – елдің ертеңгі көшбасшыларын тәрбиелейтін алаң. Мұнда студенттер өз ойын еркін жеткізіп қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, мемлекет дамуына үлес қосудың маңызын түсінеді.