Құқық

Астанада есірткі қылмысына қарсы айлық жүріп жатыр

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасып жатыр. Тәртіп сақшылары осы сипаттағы қылмыстарға қатысы бар бірнеше адамды ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Республикалық «Қарасора» жедел-алдын алу операциясы барысында полицейлер 27 жастағы астаналықты қолға түсірді. Тергеу барысында күдіктінің жалға алған пәтерін есірткі сақтайтын қойма ретінде пайдаланғаны анықталды.

Тінту кезінде 300-ден астам оралған пакет, ақ түсті ұнтақ тәрізді заттар салынған пластик ыдыстар және электронды таразылар тәркіленді. Күдікті ұйымдасқан есірткі саудасының бір бөлігі болған: ол қоймашы рөлін атқарып, партияларды сақтап отырған.

Ал есірткі интернет-ресурстар арқылы арнайы «оператордың» нұсқауымен таратылған. Қызметі үшін ол электронды аударымдармен ақы алып отырған. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, басқа да қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Тағы бір жағдайда полиция 49 жастағы шетелдік азаматты анықтады. Ол ұзақ уақыт бойы Астанада тұрып келген және ықтиярхаты бар. Тінту кезінде одан 80-нен астам оралған пакет табылды. Сараптама олардың синтетикалық есірткі екенін растады, жалпы салмағы 80 грамнан асты. Күдіктіге есірткіні сақтау, сату және қолдану фактілері бойынша іс қозғалып, қамауға алынды.

Есірткінің заңсыз айналымы – ауыр қылмыс, оған қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Елордалық полицейлер тұрғындарды тыйым салынған заттардың таралуы туралы мәліметті бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырады. Еске сала кетсек, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордада 30 күндік кешенді профилактикалық іс-шаралар басталған болатын. Оның аясында бірлескен рейдтер, оқу орындарында түсіндіру әңгімелері, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-сайттарды анықтау және жою жұмысы жүргізіліп жатыр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button