Құқық

Жасөспірім қылмысының алдын алады

 «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорда мектептерінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық дәрістер өткізілуде. Сондай іс-шара қаладағы №116 Келешек мектебінде де ұйымдастырылды. Жалпы қалалық құқыққорғау органдары қызметкерлерінен құралған топтар бір күнде елорданың 6 ауданындағы 24 мектепте дәріс беруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Алматы ауданына қарасты аталған оқу ордасына осы ауданның Полиция Басқармасының Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ақдидар Шаримбекова, қалалық білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлім Мұхаммеджанқызы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Ерасыл Дулыбай, Алматы ауданының прокуроры Жайран Сегізбаева, Алматы ауданы әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаева, ҚР Спорт шебері, белбеу күресінен әлем чемпионы Мадина Жомартова қатысты.

Дәріс барысында спикерлер әр баланың теріс ісі болашағына ғана емес, айналасындағы адамдарға да әсер ететіні, сондықтан заң аясында әрекет етіп, әр қадамына аса мұқият болудың маңыздылығын атап айтты. Күш қолдану, бұзақылық жасау, суық қару немесе атыс қаруын заңсыз айналымға түсіру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай құқықбұзушылықтар қатаң бақылауда болады және барлық жағдай құқық қорғау органдарында қарастырылады.

-Ата-аналардың жауапкершілігіне келсек, олар балаларының тәрбиесіне жауапты. Егер кәмелетке толмағандар заңды бұзса, бұл олардың отбасына да әсер етеді. Мұндай жағдайда ата-аналарға қатысты да тиісті шаралар қолданылуы мүмкін. Тәртіпті өрескел бұзғаны, төбелеске қатысқаны, бұзақылық әрекеттер жасағаны немесе тыйым салынған заттарды сақтағаны үшін оқушыларды білім беру ұйымынан шығару қарастырылған. Сонымен қатар мұндай жағдайлар Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралып, қажет болған жағдайда девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Егер сізді біреу ренжітсе немесе заңға қайшы әрекеттердің куәсі болсаңыз, мәселені шешуді жалғыз өзіңізге қалдырмаңыз. Көмек алуға болатын қызметтер бар: тегін 111 байланыс орталығы, мектептерде орналастырылған QR-код арқылы психологиялық қолдау орталығы, сондай-ақ мектеп психологтары мен ұстаздары. Өз сезіміңізбен бөлісуден қорықпаңыз, ересектер әрдайым сізге көмектесуге дайын, — деді аталған мектеп директоры Эльмира Төлепқызы.

Алматы ауданы Полиция Басқармасының Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ақдидар Шаримбекова кәмелетке толмағандарға қатысты тәртіп мектеп ауласынан басталуы керек деп санайтынын жеткізді.
-Мектеп формасынан бастап оқушының қалыптасқан бет бейнесі сақталғаны дұрыс. Қазір кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық саны өкінішке орай күннен күнге өсуде. Кешкі уақытта, яғни сағат 22.00-ден соң заңды өкілсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрмеу керек. Түнгі қала қауіпті, қауіпсіздігіңізді сақтап, келеңсіз жағдайға душар болмау үшін жай сенделіп, бос көше кезбеген абзал. Әлеуметтік желі арқылы бірін бірі балағаттап, хабарлама жазу, жәбірлеу немесе алаяқтық мақсатта біреуді пайдалануға болмайды. Жаңа мектепке енді қадам басып жатқанда бір-біріңізге үйренісіп, жаңа тәртіпке, ортаға бағынуға уақыт қажет. Сіздер қашан да жан жақты ұстаздар, ата-ана, мектеп тарапынан басты назардасыз, мектеп беделіне нұқсан келтірмей, үлгілі жағыңызбен көзге түсіңіздер, — деді А. Шаримбекова.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button